Astana Half Marathon: Жүгіруден екінші мәрте жартылай марафон сайысы өтті (ФОТО)
«Бірінші болуға батылдық» корпоративтік қоры Астанада екінші мәрте жүгіруден жартылай марафон жарысын өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Жарыс EXPO халықаралық көрмесінен басталып, әлемнің 20-дан астам елінен 6000-ға жуық желаяқ Астананың көрнекті Ботаникалық саябақ, Ұлттық музей, Тәуелсіздік сарайы т.б жерлерін жүгіріп өтті.
Ашылу салтанатында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев қатысып, осындай бұқаралық спорт шаралары артқанының нәтижесінде өзінің де желаяқтар қатарына қосылғанын айтып өтті. Ол спортты серік еткен жандарға сәттілік тілей отырып, жүгіретіндердің саны артқанына қуаныш білдірді.
Биылғы марафонның басты ерекшелігі – былтырғыға қарағанда 1 сағат ерте басталды. Сағат 7:00-де 10 шақырым қашықтыққа тіркелгендер сайысты бастаса, 7:25-те жартылай марафоншылар іске кірісті.
Күннің ыстығына созбай, сағат 7-де бастағанына өте қуаныштымын. Нәтижесінде былтырғыға қарағанда сәл де болса жақсы жүгірдім. 10 шақырымды 58 минутта бағындырдым. Мәреге жетер сәтте күн шақырайып, температураның жоғарылығы білінді. Келесі жылы 6-да бастаса деген тілегім бар, - деп 57 жастағы Астана тұрғыны Қанат Алманов өз ойымен бөлісті.
Өкінішке қарай, биыл қатысушылардың саны артқанымен, былтырғы рекордтардың мұрты бұзылмады.
10 шақырым қашықтықта ерлер бәсекесінің жүлдегерлері:
1-орын. Руслан Оглов – 32 минут 27 секунд
2-орын. Хуан Себастьян Гарсия (Колумбия) – 33 минут 23 секунд
3-орын. Алмас Рахымбаев – 34 минут 9 секунд.
АҚШ-тың Калифорния университетінде оқимын. Колумбиядағы туысым Алматы қаласындағы КазАтомПром компаниясында істейді. Сол кісілердің арқасында Қазақстанға келіп, жүгіру жарысына қатыстым. 10 жылдан бері спортпен шұғылданамын. АҚШ-та да жартылай марафон сайыстарына қатысып тұрамын. Сол тәжірибемнің арқасында 10 шақырым қашықтықта күміс жүлдеге ие болдым. Өте қуаныштымын, - деп, Колумбия спортшысы Хуан Себастьян Гарсия өзіне риза болғанын жасырмады.
21 шақырым қашықтықта ерлер бәсекесінің жүлдегерлері:
1-орын. Михаил Кулков (Ресей) – 1 сағат 7 минут
2-орын. Илья Тапкин (Қырғыз Республикасы) – 1 сағат 7 минут 47 секунд
3-орын. Надилбек Уталиев (Өзбекстан) – 1 сағат 8 минут 35 секунд.
21 шақырым қашықтықта топ жарған Михаил Кулков жеңістің оңай келмегенін айтты.
Бұл менің биылғы 5-ші жартылай марафоным. Астанадағы жартылай марафонында қарсыластарымнан қалып қалмау үшін, оларды алысқа ұзата қойғаным жоқ. Нәтижесінде чемпиондық атақ бұйырды. Рекордты бұза алмағанына өкінбеймін. 4 апта бұрын жарақат алғанымды ескерсек, бүгінгі көрсеткішімді жоғарғы жетістік деп санаймын. Көптеген шетелдік жартылай марафондарға қатыстым. Дегенмен, Қазақстандағы мерекелік атмосфераны қатты ұнатамын. Тіпті сіздерден ерте бастауын алған Ресейдегі ірі марафондардан осындай эмоция алмаймын.
21 шақырым қашықтықта әйелдер бәсекесінің жүлдегерлері:
1-орын. Мария Коробицкая (Қырғыз Республикасы) – 1 сағат 15 минут
2-орын. Светлана Кудилич (Беларусь) – 1 сағат 17 минут
3-орын. Екатерина Василиченко (Украина) – 1 сағат 22 минут.
Украина азаматшасы, 27 жастағы Екатерина Василиченко қола жүлде өзінің арнайы тактика ұстанғанының нәтижесінде бұйырғанын айтты:
Жарыс басталған сәтте күннің ыстығын ескеріп, жай жүгірдім. 3-орын үшін таласқан 2 қарсыласым стартта желдей ұшқанымен, соңында шаршап қалды. Мен де мүмкіндікті құр жібермедім. Алғашқы 1-2 орынды иеленген спортшылардың тәжірибесі мол, кәсіби екені көзге анық байқалды. Қырғыз Республикасы мен Беларусьтің қос қызы алтын үшін бәсеге түсті. 5 минут артта қалғандығым да содан болар. Жалпы, мен Украинаның азаматшасы болғаныммен, 2022 жылдың желтоқсан айынан Қырғыз Республикасында тұрамын.
Одан бөлек, спортшылар жас ерекшеліктер бойынша марапатталып, ақшалай сыйлық пен естелік медаль алды. Әсіресе ең егде жастағы спортшылардың бәсекесі көрермендер үшін қатты әсер еткені сөзсіз. 21 шақырымда 1 сағат 38 минутпен топ жарған 73 жастағы Талдықорғанның тумасы Биебай Тілемісовтің уақыты ұйымдастырушылардың таңданысын тудырды. Себебі, дәл осы көрсеткішпен атамыз 40-49 жасқа дейінгілер арасында да жүлдеге ілігуші еді. Бұл жайлы Биебай Тілемісов:
50 жылдан бері жүгіріп келемін. Аптасына 5 мәрте дайындаламын. Бәлкім, осы тұрақтылығымның арқасында жүлде бұйырып келе жатқан болар. Бүгін нешінші старт екені мүлдем есімде жоқ. Санақ жүргізбеппін. Қай жерде жарыс болса, аттың басын сол жерге бұрамын, - деді.
Шара барысында жүгірушілер үшін арнайы концерттік шаралар өтіп, түрлі конкурстар ойнатылды.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ