Аса ауыр салмақтағы боксшыларымыз жеңіске жете ала ма?
Кәсіпқой бокстан алдағы демалыс күндері екі отандық боксшымыз жұдырықтасады деп, хабарлады Elorda.info.
Нұрсұлтан Аманжолов (5-0, 4 KO) — Лазизбек Муллажонов (3-0, 3 КО) Екі боксшы 6 раундтық айқасқа шығады.
— 30 жастағы Нұрсұлтан Аманжолов Қарақалпақстанда дүниеге келген. 17 жасында боксқа бет бұрып, Тараз қаласына қоныс аударды. Нұрлан Ақүрпековтің жетекшілігімен 2017 жылы аса ауыр салмақта Қазақстан чемпионы атанған. «Astana Arlan» сапында 4 жекпе-жек өткізіп, үшеуінде жеңіске (Алиевтен жеңілген айқасында төрешілер нокаутты есептемеді) жетті.
2019 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Әлемнің ең атақты спортшысы Энтони Джошуамен (26-3, 23 KO) бірге жаттыққан. Қазір WBA, WBO, IBF, IBO және The Ring тұжырымдары бойынша аса ауыр салмақта әлем чемпионы Александр Усикпен (20-0, 13 KO) спарринг өткізіп жүр. Салмағы — 125 келі.
— 24 жастағы Лазизбек Муллажонов биыл Ташкентте өткен әлем чемпионатында 92 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды. Былтыр +92 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаевты жеңіп, Азия чемпионы атанған. Сондай-ақ, 2022 жылы «Странджа кубогында» Нұрлан Сапарбайдан басым түскен.
Бұл жекпе-жекті сенбі күні түнгі 22:00-де Qazsport каналы тікелей эфирде көрсетеді.
Тағы бір қызықты жекпе-жек отандасымыз Жан Кособуцкий (19-0, 19 KO) мен Эфе Аджагба (17-1, 13 KO) арасында өтеді.
Бұл екі мықты 10 раундтық жекпе-жекте күш сынайды.
Букмекерлік кеңселер қос боксшының жеңіске деген мүмкіндігін тең деп, бағалайды.
34 жастағы Жан Кособуцкий — 3 дүркін Қазақстан чемпионы.
Шілде айында америкалық боксшымен шығуы керек еді. Бірақ виза мәселесіне байланысты жекпе-жек өтпеді.
Айқастың жеңімпазы британдық Энтони Джошуамен кездесуі мүмкін.
29 жастағы Эфе Аджагба — әуесқой бокста Африка ойындарының жеңімпазы. 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысып, 1/4 финалда отандасымыз Иван Дычкодан жеңілді.
Кәсіпқой бокста 2021 жылы Куба өкілінен ұпай санымен есе жіберген.