Алтын, күміс, қола: Парадзюдошыларымыз IBSA жарысын жүлдемен бастады
IBSA әлем ойындарының бірінші жарыс күнінде қазақстандық парадзюдошылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальды жеңіп алды, деп хабарлады Elorda.info.
Байрақты бәсекеде 48 кг салмақта, J2 санатында өнер көрсеткен Ақмарал Науатбек финалдық белдесуде украиндық спортшы Юлия Ивантскаяны ұстау әдісімен жеңіп, чемпион атанды.
Жарыстың күміс жүлдесін J1 санатында, 73 кг салмақта сынға түскен отандасымыз Ерғали Шамей иеленді. Ерғали финалда румындық спортшы Флорин Болагамен кездесіп, қосымша уақытта қарсыласына 3 шидомен есе жіберді.
Ал 60 кг салмақта, J2 санатында белдескен Ануар Сариев пен J2 санатындағы 73 кг салмақта белдескен Олжас Оразалыұлы жарыстың қола медальдарына ие болды. Ануар өола медаль үшін сайыста кореялық споршы Мин Лимен кездесіп, қарсыласын иппонмен жеңді. Өз кезегінде Олжас украиндық Руфат Махаммедты жеңіп, жарыстың жүлдегері атанды.
Айта кетсек, IBSA әлем ойындары Ұлыбританияның Бирменгем қаласында өтіп жатыр. Аталмыш жарыс көру қабілеті зақымданған (J2) және мүлдем көрмейтін (J1) спортшылар арасында өтеді.