Айя Айтбай: Елімізде сапалы төрешілерді дайындауға үлес қоссам деймін
Спортшы Айя Айтбай елімізде садақ ату спортын дамыту туралы ойын айтты, деп хабарлады деп хабарлады Elorda.info.
Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Садақ атудан бөлек, басқа спортпен айналысып па едіңіз?
Қазір Астанадағы IT университетінде киберқауіпсіздік мамандығы бойынша 3-курста оқимын. Бала кезден спортқа жақынмын. Садақ атуға дейін жүзу, мәнерлеп сырғанау, у-шу сынды спорт түрлерімен айналыстым.
Садақ ату спортына түпкілікті бет бұруыңызға не әсер етті? Отбасыңызда сізден басқа жандар қандай спортпен айналысады?
У-шуға қатысып жүрген сәтте атам спорт кешенін аралап, кездейсоқ садақ атуда бағын сынап, ұнатып қалды. Артынша 15 жастағы мені, бауырымды, сіңлімді осы спорт түріне әкелді. Нәтижесінде мен ғана 5 жыл бойы үзбей айналысып келемін. Аптасына 6 мәрте күнделікті 3 сағат жаттығамын. Үйдегі отбасы мүшелерім де спорттан қатты алыс емес. Ата-анам қалада дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын марафондарға қатысып, демалыс күндері саябақта жүгіріп тұрады. Бір бауырым спорттық биге әуестеніп, Еуропа чемпионы атағына қол жеткізді. Екінші бауырым үстел теннисіне ден қойды. Қазір 2 інім хоккей, баскетбол үйірмелеріне қатысып жүр.
Көп спортшылар спорттық мансабын аяқтаған соң, төрешілікке бет бұрып жатады. Ал сіздің ерте кезден төреші болуыңызға не түрткі болды?
Бойымда ұйымдастырушылық, жүйелілік сынды оң қасиеттерім бар. 2022 жылы федерациямыздың бас хатшысы Айнұр Серікқызы менің бапкеріме хабарласып, БАӘ-де өтетін жарысқа төреші ретінде баратынымды айтты. Неге? Себебі, мен ағылшын тілі мен садақ ату ережелерін меңгергенмін. Осылайша төрешілік жолым басталды. Ағылшын тіліне 2-сыныптан бастап, жазғы демалыстарымды арнадым. Ал 7 сыныпта дарынды қыздарға арналған инновациялық лицейге түсіп, пәндерді ағылшын тілінде оқыдық. Осының арқасында бүгінде upper intermediate деңгейіне көтерілдім.
Садақ атуда спортшы ретінде қандай айтулы жарысқа қатыстыңыз?
2020 жылы ҚР V ойындарының қола жүлдегері, 2022 жылы ҚР кубогының жеңімпазы, 2023 жылы жабық кешендегі өткен ересектер және жасөспірімдер ҚР чемпионатында жеке, командалық, аралас сайыста жүлдеге ие болдым.
Төреші болудың қандай артықшылықтары бар?
Ең бірінші артықшылығы – көптеген елдерге бару. Өзге мәдениет, құндылықтарды көре отырып, ойлау дәрежемді кеңейте аламын. Екіншіден, отандық қана емес, шетелдік төрешілермен байланыс орнатасың. Төреші – жеке адамның жұмысы емес. Ол үшін жақсы тіл табысу, командалық ауызбіршілік маңызды. Спортшы ретінде жақсы ату маңызды болса, төреші ретінде жақсы сараптап, дұрыс шешім шығара білу керек. Осының барлығын 20 жасымда басымнан өткеріп жатқаныма өте қуанышытымын.
Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
2024 жылы бірінші төрешілік сапарым ақпан айында Ирак астанасы Бағдадта болады. Ал Францияда қол жеткізген төрешілік аккредитациям жасөспірімдер турнирлеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бұйырса, 2026 жылы Cенегалдың Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға үміттенемін.
Болашақта бапкерлікке бет бұру, ізбасарларыңызды дайындау ойда бар ма?
Дәл қазір спортшы әрі төреші ретінде жүргендіктен, бапкер болу ойға келмеді. Садақ атудың өзге спорттан ерекшелігі – бұл жерде спортшының жасына қарамайды. Сондықтан қай жаста спорттық мансабымды аяқтайтыным белгісіз. Ал төреші ретінде халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, ысылған соң, елімізде сапалы төрешілерді дайындауға үлес қоссам деймін.
Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Қанат БАЙҰЗАҚОВ