Халықаралық баскетбол федерациясы Қазақстанда өкілдігін ашқысы келеді
Халықаралық баскетбол федерациясы (FIBA Asia) Қазақстанда кеңсе ашу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың Азиядағы ФИБА атқарушы директоры Хагоп Хаджирианмен кездесуі кезінде белгілі болды. Тараптар Қазақстанда баскетболды дамыту үшін бірлескен ынтымақтастық келешегін талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгінде елімізде 25 кәсіби клуб жұмыс істейді, олар мемлекет тарапынан және жекелеген демеушілерден қолдау көріп отыр. Қазіргі таңда баскетболмен айналысатын қазақстандықтардың саны 400 мың адамды құрайды.
Хагоп Хаджирианның айтуынша, Қазақстан осы спорт түрін одан әрі дамыту да Орталық Азия елдері арасында үлкен әлеуетке ие.
Қазақстанда жақсы дамыған баскетбол ортасы бар, егер бірлескен күш-жігермен оны жақсартса, жақын арада нәтижелер одан да жоғары болады. Біз үшін Қазақстанмен ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл маңызды, өйткені біз мемлекет тарапынан да мүдделілік пен баскетболды танымал етудегі тың серпінді көріп отырмыз, - деді Азиядағы ФИБА атқарушы директоры Хагоп Хаджириан.
Баскетболды қолдау жалғасады. Федерациямен анағұрлым белсенді ынтымақтастық отандық баскетболды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, - деп атап өтті министр Асхат Оралов.
Айта кетейік, ФИБА әлемнің түкпір-түкпірінен 212 Ұлттық баскетбол федерациясын біріктіреді. Федерацияның қолдауымен түрлі жарыстар, соның ішінде әлем кубогы және баскетболдан олимпиадалық турнирлер өтеді.
Сонымен қатар, ФИБА баскетболдың ресми ережелерін, сондай-ақ баскетбол қауымдастығының әртүрлі мүшелері арасындағы қатынастарды реттейтін ережелерді әзірлейді.