Астанада кез келген жаттықтырушы спортшыларды ақысыз жаттықтыра алады
Бүгінгі таңда «Байқоңыр» жекпе-жек орталығы, Астана-Арена стадионындағы жауынгерлік өнер орталығы және жекпе-жек орталығында кез келген жаттықтырушы өзінің шәкірттерін тегін дайындай алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл бастаманы қалалық Спорт басқармасына бағынысты ведомствалық мекемелердің бірі – Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы қолға алды. Елордадағы үш бірдей жаттығу залында енді Қазақстанның намысын әлемдік, қалалық, республикалық жарыстарда қорғап жүрген Астана қаласының спортшылары жаттыға алады.
«Біз үшін әрбір спортшының жеткен жетістігі өте маңызды. Осыған сәйкес Астанада орналасқан үш жаттығу залдары бар. Олар «Байқоңыр» жекпе-жек орталығы, Астана-Арена стадионындағы жауынгерлік өнер орталығы, Жекпе-жек орталығы. Аталған үш залда әрбір спортшының жайлы, әрі еркін жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Жеке киім шкафтарынан бастап, жаңа заман талабына сай жасалған апараттарға дейін жұмыс жасайды. Оған қоса, кез келген уақытта, кез келген жаттықтырушы келіп, спортшылармен, чемпиондармен қосымша жаттығу жұмыстарын жүргізе алады. Бұл спортшыларымызға үлкен қолдау. Бұқаралық спортты дамытып, ел намысын, ер намысын қорғайтын мықты спортшыларды осындай заманауи талаптарға сәйкес орталықтарда жаттықтырып, жеңіс тұғырында көк туымызды бірге желбіретейік, - дейді Астана қаласы әкімдігінің Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясының баспасөз хатшысы Айдана Жеңісбаева.
Айта кетейік, қазіргі таңда мұндай мүмкіндік Астана қаласындағы жергілікті аккредиттелген федерациялардың құрамына кіретін кез келген спорт түрінің жаттықтырушыларына беріліп отыр.