Қазақстандық Әнел Сытдықова Каталина бұғазын жүзіп өтті
Бұл марафондық жүзу 4 тамыз күні сағат 23.00-басталып, Әнел мәреге келесі күні жетті. Бұл аралықты америкалық Ла-Манш деп те атайды. Мұндағы қиындық, Ла-Манштағыдай, судың салқындығы және ағыстың күрделі екендігі. Толқынға қарсы жүзу оңай емес. Сонымен қатар жүзу барысында адам киттермен, дельфиндермен, тіпті акуламен кездесіп қалуы да мүмкін. Осы қиындықтардың бәрінен қорықпай, Каталина бұғазын кесіп өткен Ә.Сытдықова қазақстандық тұңғыш жүзуші атанды.
Әнелдің сөзіне қарағанда, жүзу кезінде онымен Bottom Scratcher қайығында 13 адамнан тұратын топ бірге жүрді. Екі тәуелсіз бақылаушы суда жүзудің барлық мәліметтерін жазып, ережелердің сақталуын қадағалап отырды. Қайыққа қол тигізуге болмайды және су костюмін пайдалануға тыйым салынған. Екі төреші үш сағат сайын ауысады. Қайықтағы үш экипаж мүшесі де жүзушіні бақылайды. Қалғандары – қайық капитаны мен оның көмекшілері.
Бұған дейін Әнел Сытдықова 2019 жылы Ла-Манш бұғазын (38 шақырым) 15 сағат 15 минутта және биыл Манхеттендегі 20 көпірді айналып, 48 шақырым қашықтықты жүзіп өткен еді. Әлемдегі ең беделді осы үш марафонды бағындырған спортшыларға «Үш тәждің ханшайымы» атағы беріліп, «Үштік тәж» (Triple Crown) клубының мүшелігіне қабылданады. Әнел де клубқа кірді. Өткен жылдың желтоқсанында бұл клубқа мүше болғандар саны 265 адам еді.