ҚФФ және УЕФА президенттері Қазақстандағы футболды дамытуды талқылады
Қазақстандық мамандар бірнеше күннің ішінде UEFA-ның әртүрлі департаменттерінің жетекшілерімен жолығып, футболды дамыту жолындағы барлық бағытта тығыз ынтымақтастық орнату бойынша келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ұйымның президенттері Александер Чеферин мен Әділет Барменқұлов кездесу өткізіп, бірқатар стратегиялық шешімдер қабылдады.
Солардың бірі биыл қараша айында UEFA Assist және UEFA Academy бағдарламалары аясында Қазақстанда STEP (Senior Team Executive Programme) білім беру семинары ұйымдастырылады. Іс-шараға UEFA мен көрші елдерден мықты деген сарапшылар шақырылып, қазақстандық мамандарға дәріс оқиды. 2023 жылы Қазақстанда алғаш рет CFM (Certificate in Football Management) жобасы бойынша білім беру бағдарламасы қолға алынбақ. Бұл жобаны УЕФА мен Лозанна (Швейцария) университеті бірігіп, жүзеге асырып келеді. Жоба 2023 жылдың ақпан айында басталмақ.
HatTrick бағдарламасы аясында УЕФА өкілдеріне қазақстандық тараптың дайындаған еліміздегі бұқаралық футболды дамыту жобасы таныстырылды. Бұл жобада бұқаралық футболға бағытталған инфрақұрылымды жақсарту және дамыту жолдары қарастырылған. Еуропалық әріптестер осы жобаны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
UEFA GROW бағдарламасы шеңберінде қазақстандық тарапқа Social Return on Investment жобасының зерттеулерін жүзеге асыру бойынша көмек көрсетілмек. Өзге елдерде жүргізілген мұндай зерттеулер футболды дамытуға жұмсалатын қаражаттың тиімділігін көрсетеді.
Elite Player Development бағдарламасы бойынша футбол орталықтарын қолдау жобаларын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын табады. Бапкерлерге арналған білім беру курстары күшейтіліп, ҚФФ жанынан ұлттық академия жобасы әзірленбек.
Сонымен қатар Қазақстан 17 және 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Еуропа чемпионатының финалдық кезеңін ұйымдастыру жобасы дайындалады. Бұл Қазақстанда футболды дамыту стратегиясының басым бағыттарының бірі жастар футболын дамытуға үлкен серпін береді.
Қазақстанда футболды дамытудың жаңа стратегиясын бекіткелі жатырмыз. Біз үшін осы стратегия аясында дайындалған жобалардың шетелдік мамандардың да тарапынан қолдау тапқаны маңызды. УЕФА көрсетіп жатқан қолдауды бағалаймыз. УЕФА президенті Александер Чеферинмен жасаған келісімдердің барлығы біздің стратегияда көрсетілген мақсаттарды орындауға бағытталған. Олар білім беру, бапкерлерді оқыту, бұқаралық футболдың инфрақұрылымын жақсарту, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту сынды негізгі бағыттарды қамтиды. Стратегия аясында айқындалған барлық жоспарлардың әлеуетін толық жүзеге асыруды көздейміз, – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.