Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде аяқталды
Жабылу салтанаты әлемге әйгілі "Құс ұясы" стадионында өтті.
Салтанатты шарада соңғы 16 күн бойы әлем назарын өзіне аударып, жеңіске деген жігерімен көзге түскен спортшыларға үлкен құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ, дәстүр бойынша шаңғымен жарысудан марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Ерлер арасындағы марафонда ресейлік Александр Большунов, әйелдер арасында норвегиялық Тереза Йохауг алтын медальді мойнына тақты.
Кинорежиссер Чжан Имоу жетекшілік еткен жабылу салтанатында Қытай тарихы мен мәдениетінің қыр-сыры көрсетіліп, ойынның басты қаһармандары – спортшылардың шеруі өтті.
Сіздер бір-бірлеріңізге қолдау көрсетіп, мемлекеттер арасында кикілжің болса да бір-бірлеріңізді құшақтап, бір-бірлеріңізді сыйладыңыздар. Осы арқылы сіздің олимпиадалық қоғамдастықта бәрі де тең екенін дәлелдедіңіздер, - деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.
ХОК президенті Бейжің Олимпиадасында төмен түсірілген Олимпиада туын 2026 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын Италияның Милан және Кортина-д"Ампеццо қалаларының мэрлеріне табыстады.
Жабылу салтанаты отшашумен аяқталып, экранда "Бір әлем, бір отбасы" сөзі жазылды.