00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Бағы жанып тұрған қыз екен»: Қытай атынан сынға түскен конькиші қазақ аруы кім

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Бағы жанып тұрған қыз екен»: Қытай атынан сынға түскен конькиші қазақ аруы кім

Nur.kz басылымының жазуынша, Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтында Ақнәр Адаққызының Шыңжаң өлкесінде 1999 жылғы 1 маусымда дүниеге келгені көрсетілген. Спортшының бойы – 165 см. Ол Шыңжаң қыстық спорт түрлерін басқару орталығының атынан Олимпиадаға жолдама алған. 

ХОК деректеріне сүйенсек, бастапқыда Ақнәр шорт-трек жарыстарына қатысып, 2018 жылдан бері конькимен жүгіру спортына ден қойған. Оның себебін Ақнәр Адаққызы қытайлық басылымға берген сұхбатында айтқан.

Мен өзімді үлкен қашықтықта сынап көргім келді. Мен осылайша түрлі қиындықтарға төтеп беріп, өзімді жетілдіремін. Конькимен жүгіруде жетістіктерге жетемін деп сенемін. Қазір сол мақсатта жоспар құрудамын, – дейді ол 2019 жылы 29 наурызда chinadaily.com сайтына берген сұхбатында.

Ақнәрдің спорттағы дамуына қытайлық коньки спортының атасы Синь Циньшань үлес қосқан екен. Ол алғашқы қытайлық Олимпиада чемпионы Ян Янның жаттықтырушысы ретінде белгілі. 2018 жылы қаңтарда Синь Шыңжаңға барып, сондағы спортшыларды шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша жаттықтырған. Бастапқыда әйгілі жаттықтырушы Ақнәрден жақсы нәтиже күтпеген.

Ол өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты, бірақ оны спортта әлі де ұзақ жол күтіп тұр. Оның орташа уақыты 7:19,32. Сондықтан спортшыларымызды ұзақ қашықтықта әлем үздіктерін қуып жету үшін көп тер төгу керек, – деп баға берген Синь Циньшань. 

Сондай-ақ Ақнәр Адаққызының жеке өмірі туралы бірқатар деректі блогер Жолымбет Мәкіш парақшасында жазды. Оның сөзінше, Ақнәр Адаққызы Қытайдың Құттыби ауданындағы Тасбаспалдақ дейтін ауылда туған.

Тасбаспалдақ – шаңғы тебетін жері бар, бөктердің етегінде орналасқан шағын ауыл екен. Кішкентай кезінен сол жерде шаңғы теуіп үйренеді. Сөйтіп, өсе келе Қытайдың рекордын жаңғыртып, содан аты шығыпты. Әкесі қайтыс болған. Шешесі мұғалім. Қытайдың құрамасына ілігу өте қиын негізі. Бұл қыздың бағы жанып тұрған қыз екен, – дейді блогер.

Спортшы қыздың фотолары желі қолданушыларын тәнті етуде.

«Үріп ауызға салғандай», «Әдемі қыз екен», «Қарындасымыздың жолы болсын» дейді оған пікір білдірушілер.