Жаңа қызмет: Серік Сәпиев спорт саласынан кетпейді
Серік Сәпиев бұл қызметке 2019 жылдың қаңтарында тағайындалған болатын. Кейін арада бір жылдан аса уақыт өткен соң, яғни 2020 жылдың мамыр айында екі бірдей орынбасары істі болды. Олар Риддер қаласындағы олимпиадалық резерв бойынша республикалық мамандырылған мектеп-интернат-колледж 300 орындық оқу корпусының құрылысы кезінде 380,8 млн. теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталды. Күдіктілер нақты жұмыстар атқарылмаса да, ол ақшаны мердігердің есепшотына аудара салған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік шенеуніктерді ұстау операциясының видеосын да жариялады. Сол кездерде аталған жемқорлық оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Журналист Динара Сәтжанның «YouТube»-тегі арнасына сұхбат берген спортшы алдағы уақытта Ұлттық Олимпиада комитетінде жұмыс істейтінін, ел спортының өркендеуіне атсалысатынын хабарлады. Бірақ ол комитеттегі лауазымы қандай болатынын нақтылаған жоқ. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы 2022 жылы Қазақстанда Серік Сәпиев атындағы бокс мектебін ашуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Жалпы, Серік Сапиев ең алғаш 2014 жылы спорт менеджері болып қызметтік мансабын бастаған. «Astana Arlans» жартылай кәсіби бокс клубының бас директоры болған уақытта клубтың басшысы ретінде Бүкіләлемдік бокс сериясында екі рет табысқа қол жеткізді. 2017 жылғы 28 ақпаннан бастап ресми түрде Парламент Мәжілісінің депутаты атанды. Бір жылдан кейін өз еркімен отставкаға кетіп, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болды. Алайда, биылғы Қазақстан құрамасы үшін ең сәтсіз жазғы Олимпиададан кейін (жалпы командалық есепте 83-орын) Серік Сапиев отставкаға кету туралы шешім қабылдады.