«Үш рет кездесіп, үйлендім»: Жахан Отарғалиев үшінші некесі туралы бар шындықты айтып берді

«Үш рет кездесіп, үйлендім»: Жахан Отарғалиев үшінші некесі туралы бар шындықты айтып берді
фото: видеодан алынған кадр

Танымал актер әрі әзілкеш Жахан Отарғалиев өзінің youtube арнасында журналист Зарина Мүсілімге берген сұхбатын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол жақында ғана отау құрған жұбайымен қалай танысқанын айтып берді. 

«Меккеден келгеннен кейін бір күні жақын адамым маған бір келіншекпен танысуымды өтінді. Жеке парақшасын жіберді, мен оған реакция жібердім. Ол да солай жауап берді. Содан сөйлесіп кеттік. Бірден «Маған күйеуге шығасың ба, үйленейік» дедім. «Аға, асығыссың ғой» деп әзілдеді. Осылайша, нөмірін алып, кездесуге шақырдым. Екінші кездескеннен кейін жүрегімде тыныштық орнады. «Болды, менің адамым» деп ойладым. Екеуіміз де үлкен адамбыз, ашық сөйлестік. Бас-аяғы үш рет кездескеннен кейін оған ұсыныс жасадым», - деді актер. 

Жахан Отарғалиев ажырасқаннан кейін терең күйзелісте болғанын жасырмады. Ол қажылыққа барған кезде Алладан өзіне жақсы жар тілеген.

«Күйзелісте жүргенде қажылыққа бардым. Сол жақта отырып, күндіз-түні дұға етумен болдым. Ажырасқаннан кейін ауырдым. Жанымда ешкім қалмады. Ақшам да жоқ, қарызға да кірдім. Сондай қиын сәтте Меккеге кетіп қалған едім. Қатты шаңырақ көтеріп, отбасын құрғым келді. Құдайдан сұрадым. Болашақ келіншегімнің бет-әлпетіне дейін сұрадым. Сол кезде болашақ келіншегім де Меккеде өзіне жар сұрапты. Ең қызығы, күйеуінің әзілге жақын болуын тілеген. Соны естігенде қатты таңғалдым»,- деді ол.

Актер әйелінің мектеп жасындағы екі қызы бар екенін айтты.

«Осы уақытқа дейін баласы бар келіншекке үйленемін деп ойламадым. Себебі жауапкершілік алудан қорықтым. Бірақ маңдайға жазғанын көреді екенбіз. Әйелемнің мектеп жасындағы екі қызы бар. Бірінші рет танысқан күні кіші қызы «сізді қалай атаймыз?» деді. «Көке деп айтыңдар» дедім. Шүкір, қазір бәрі жақсы», - деді ол.