«Қазағымды көрсем, жылағым келіп келетін»: Шетелде 4 жыл тұрған тележүргізуші сағынышын жеткізді

«Қазағымды көрсем, жылағым келіп келетін»: Шетелде 4 жыл тұрған тележүргізуші сағынышын жеткізді
Фото: Yutube/https://www.youtube.com/watch?v=ewMUsid78Io

Танымал тележүргізуші Оксана Петерс отаншылдық сезім, мемлекеттік тіл туралы ойларын Azattyq ruhy-ның Yutube арнасындағы сұхбат барысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Түркияда, одан кейін Грузияда отбасылық қызмет бабымен бірнеше жыл тұрып келген қазақтілді журналист елді аңсап, сағынып келгенін баяндады.

«Елді, жерді қатты сағынып келдім. Отан-анаға деген тылсым күш болады екен. Тартып тұрады, шақырып тұрады өзіне. Басқа жақта қанша күшті болса да, жүрген жеріңде өз туған еліңді, жеріңді сағынып, көшеде бір қазағыңды көріп қалсаң, жылағың келіп кетеді екен», - деп ағынан жарылды ол.

Оның айтуынша, отбасында үш тіл қатар қолданылады екен.  

«Үйде үш тілде сөйлесеміз. Қазақша да, орысша да, ағылшынша да. Мен қазір қосымша түрік тілін үйреніп жүрмін. Түркияда екі жыл тұрдық. Сол тілді үйренуді бастадым, өте әдемі тіл екен. Қазір үш-төрт тілде сөйлесеміз. Адам бір тілді ғана білсе, бір тілде ғана сөйлессе, ол ішпыстырарлық дүние екен. «Көп тіл білгеннің тынысы кең, досы көп болады» дейді», - деп тіл туралы ойымен бөлісті қазақтілді медианың өкілі.

Ол Қазақстанда тұрғасын, кім-кімнің де мемлекеттік тілді білуі парыз деп санайды. 

«Балаларым қазақша сөйлейді. Бірақ мен сияқты сөйлей алмайды. Дегенмен маған қарап талаптанып, ынталанып жүр. Олар маған «мама, сіз сияқты қазақ тілінде сөйлегіміз келеді» дейді. Мен «тырысыңдар, бәрі өз қолдарыңда» деймін.

Қазақстанда тұрамыз, мемлекеттік тілді білу – парыз, міндет. Тілді білу өзімізге керек. Тілсіз өмір сүру мүмкін емес сияқты. Жалпы, еліңді, жеріңді сүйсең, ұлтыңды, халқыңды қадірлесең, тілді білу керек», - деді Оксана Петерс.

Сондай-ақ ол мынадай қызық жайтпен бөлісті: ол әңгіме қай тілде өрбісе, сол мезетте сол тілде ойлайтынын айтты.

Айта кетейік, көп жылдар «Астана» телеарнасында жұмыс істеген ол бүгінде «Жетінші арнада» тележүргізушілік мансабын жалғастырып жатыр.