«37 млрд теңге айыппұл келді»: қазақстандық желіде жанайқайын жеткізді


Атыраулық белсенді Нұрлан Жунасов өзінің желідегі парақшасында кәсіпкер Мұрат Ниязовқа 37 миллиард теңге айыппұл салынғаны туралы айтты. Оның айтуынша, бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде бұрын соңды кездеспеген көлемді айыппұл, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі болғандай, атыраулық кәсіпкер мұнай қалдықтарын кәдеге жарататын шағын бизнеспен айналысады. Оның сервистік компаниясы 2019 жылы құрылған. Шағын кәсіптің негізгі қызметі – құрамында мұнай бар қалдықтарды басқару және кәдеге жарату. Компанияның 2 жылдағы табысы салық пен шығынды есептегенде 40 миллион теңгеге әрең жеткен. Дегенмен кәсіпкерге табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 37 миллиард теңге айыппұл салынған.
Желі қолданушылары айыппұл көлеміне байланысты түрлі пікір білдірді.
«37 миллиард теңге. Бұл әлемде болмаған рекорд қой. Гиннестің рекордтар кітабына өтініш беруге болады», «Сбор ашып, жауып берейік десеңде қиын екен», «Ол 200 жыл өмір сүрсе де бұл айыппұлды өтеп біте алмайды», «Шаш ал десе, бас алатыңдар көбейіп жатыр» – деп жазды олар.



