Жигули Дайрабаев: Халық үніне құлақ асатын басшының болуы мені қуантады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатын оқып, бірнеше мәселелерді өзіме түртіп алдым. Президент өз сұхбатында өткен жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгіледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутат Жигули Дайрабаев осылай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ішкі саясат пен сыртқы саясат туралы кеңінен тоқталып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, Талғардағы оқиға, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, қазақ тілінің қолданысы, теңгенің долларға шаққандағы бағамы, бірыңғай уақыт белдеуі сияқты халықтың көкейінде жүрген сұрақтар бойынша өз ойын айтып, ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отыратынын атап өтті. Халық үніне құлақ асатын басшының болуы мені қуантады және бұл тыңдаушы мемлекет қағидасының тағы бір айқын көрінісі деп білемін», - деді ол.
Ол, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметтің жұмысына баға беріп, «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдасы Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы екеніне сенім білдіргенін айтты. Бұл тұжырымдама дұрыстығының дәлелі - халықтың көңілінен шыққан өткен жылғы қабылданған заңдар мен саяси реформалар.
«Таяу арада азаматтардың талап-тілегіне, қалауына сай келетін қолға алынатын жобаларды нақтылап берді. Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі. Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды.
Мемлекет басшысы еліміздің дамуына жаңа серпін беретін нақты жоспарды белгілеп, айқын бағыттарды көрсетті. Бұл бағытты мен жеке азамат ретінде, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қолдаймын және бұл саясаттың бел ортасында жүргеніме қуаныштымын. Себебі жүргізіліп жатқан саясат оң нәтижелер беріп, нақты сандармен дәлелденуде. Бұл өзгерістерді еліміздің фермерлері де қолдауда. Мемлекетіміздің іргесі мықты болып, халқымыз бейбіт өмір сүріп, еліміз мәңгі жасай берсін!», - деп жазды ол.