Заңның алдында хан да, қара да бірдей жауапты
Egemen Qazaqstan газеті, отандық баспасөздегі егеменділікті, ашықтық пен турашылықтың этолонын көрсетті. Жақында осы басылым бетінде Мемлекет басшысымен болған сұхбатта қойылған сұрақтардың басым бөлігі тікелей Президенттің өзіне бағытталды деп айтсақ болады.
Сұқбаттағы «Кеттің бе – қайырылма!» деген сөздер Президенттің аузынан шығады деп кім ойлаған. Ия, дипломатияның жоғары деңгейінде мұндай сөздер қолданылмайтын шығар, бірақ екі жыл бұрынғы «Қасіретті Қаңтардың» зардабы мен ойраңын тұла-бойынан өткізген Президенттің азаматтық пікірі саналы түрде берген әділ бағасы.
«Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тасталқанын шығара жаздағанын ашық айттым» дегені, бұл халықшылдық ұстаным, мемлекетшілдік көзқарас. Бұны Президент бүкпесіз айтып отыр, бұл пікірлер көптен бері халықтың көкейіндегі қордаланған сөздер еді.
Расымен, саяси элиталық күрес, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылғы сайланғаннан бері үдей түсті. Елді экономикалық жағын кішігірім назарбаевшыл топтың өз майшелпегіне айналдырып алғаны ашық мәселе. Бір ғана мысал, бірде Қытайдан кәсіпкерлер келіп, біздің елдің балығын аламыз деп қолқа салғанда, Қапшағайдағы балықшылардың ауылына барып, «осындай сауда-саттыққа ұсыныстар түсіп жатыр, жақсы баға береді екен. Бұған қалай қарайсыздар?» деп сұраған едік. «Бұған ақылың болса басыңды сұқпа, бүкіл Қапшағайдың балығы «семьяға» қарайды ғой» деген жауапты алдық. «Сонда жердің асты тұрмақ, судың ішіндегі дүниеге дейін иеленіп алған ба, бұлар!» деп жағамызды ұстап қайттық. Бұл енді, отыз жылда кез-келген қазақстандықтың өмірден көрген, естіген, білгені осылай болды.
Ал енді, елді монополияға айналдырмады деп кім айта алады?! Әрине, Президенттің де соңғы үш жылда көтере бастаған олигополия мен монополия тақырыптары назарбаевшылдарға ұнамайды, шелектеп ішіп отырған айранынан кім айырылғысы келеді?!
Ең қызығы, Қаңтардың зардабына «жауапты, ұйымдастырушы» деп айып тағылып отырғандардан шелекті ішкендерінен гөрі, жай шелекті жалағандары тұтылғандай әсер қалдырады. Жарайды, Президент заң үстемдігіне шақырып отырған соң, әркім заңңын аясында өз жазаларын алар. Дұрысы осы. Заңнан Президент те, басқа да үлкен емес.
Мемлекет басшысы сұхбатында, дәл осы Конституциялық соттың құрылуына арнайы тоқталды. Конституциядан, оның атынан үкімін шығаратын соттың алдында бәрі де бірдей деген пікір білдірді. Ешкім ешкімнен артық туылып, артық мүмкіндіктерге ие емесі анық. Және, ең жоғарғы инстанцияның шешімі қайта қараусыз, өзгеріссіз тайға таңба басқандай заңды болмақтығын жеткізді. Демократия қағидасына сүйенер болсақ, заңның алдында хан да, қара да бірдей жауапты. Міне осы әділдік - Президенттің саяси реформаларының нәтижесінен Конституциялық соттың, адам құқықтарының сақталу мәртебесінің өскенінен байқау қиын емес.
Ескі жүйеге, авторитаризмге қазіргі қоғам енді қайтып оралмас. Билік бір адамның қолында шоғырланып қалмас үшін де, бір мерзімге сайлану қағидасы енгізілді. Бұл енді нағыз билікшілдік амбициядан гөрі, елшілдік, демократияшылдық, қоғамның байсалды дамуы мен саяси мәдениеттің сақталу дәстүрі.
Бәрімізге бұл өзгерістер эйфориядай көрінер. Алайда, шын мәнінде болашақ ұрпақ либералдық жасампаздық жолмен келешекте нақты елдің қамын ойлауға келетін Президенттерді сайлауға жол ашылатын форматқа ауыспақ. Бұл әдеттегідей, сайлаудан-сайлауға жүретін президенттердің психологиясын бұзады, «әуелі өзім» деген көшедегі көлденең көкатты кандидаттарға жол бермейтін, бір-ақ рет жеті жылға сайланатын жүйе қалыптасады деген сөз. Яғни, қоғамдағы саяси өзгеріс санадағы өзгерістерге апаратын құрал болмақ.
Жалпы Президенттің ағынан жарылып берген сұқбатының басты месседждері де осылар деп түйіндейік. «Сөз түзелді, тыңдаушым сенде түзел»,- деген хакім Абайдың сөзіне мықтап құлақ түруіміз керек болып тұр.
Мақсат ЖАҚАУ