00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тоқаев: Террорлық акциялар – ақтауға келмейтін әрекет

13 қазан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тоқаев: Террорлық акциялар – ақтауға келмейтін әрекет
Фото: akorda.kz

Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

 

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.

Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.

Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді.

Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді. 

Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны  қуантады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.

Тығыз сауда-экономикалық байланыстарды дамыту негізгі міндет болып қала береді. Достастыққа мүше елдердің нарықтары біз үшін қашанда басымдыққа ие. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,4 пайызға өсіп, 20,6 миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдай жасауға, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге баса мән беру қажет.

Сонымен қатар Президент Достастық кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту маңызды екеніне назар аударды.

Біз өзіміздің бірегей географиялық артықшылығымызды пайдаланып, жаһандық нарықтарды ұштастыруымыз керек. Осылайша, аймағымызды ірі көлік-логистикалық хабқа айналдырамыз. Әлемде жаңа экономикалық география қалыптасып, сауда ағындары ұлғая түскен қазіргі жағдайда бұл бағыт стратегиялық маңызға ие болады. Бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық-транзиттік тасымалдың 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Біз Транскаспий көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға, сондай-ақ «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға айрықша мән береміз. Қазақстан «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобаларын тезірек іске асыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Федерациясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті ТМД-ның Құрмет белгісімен марапаттау туралы Қырғызстанның бастамасын құптады.

Сонымен қатар жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.