Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша міндеттер жүктеледі
Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлады Elorda.info.
Құжатта көрсетілгендей, енді ведомствоға мына функциялар берілмек:
- трассалық медициналық-құтқару пунктерін орналастыру, қайта орналастыру және жою бойынша орындарды айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
- табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халыққа (оның ішінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне) шұғыл психологиялық көмек көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
- денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның Шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі Апаттар медицинасы жасағының жұмысы үшін денсаулық сақтау саласының медицина қызметкерлерін тарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
- шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі символының сипаттамасын әзірлейді және бекітеді.
«Жобаның мақсаты – жаңа трассалық медициналық-құтқару пунктерін орналастыру үшін орындарды белгілеу, сондай-ақ оларды қайта орналастыру және жою мәселелерін регламенттеу, психологтердің қызметін регламенттеу және жергілікті атқарушы органдардың медицина қызметкерлерін Апаттар медицинасы отрядының қызметі үшін тарту мүмкіндігі бөлігінде нормативтік олқылықтарды жою», - деп түсіндірме берілген қаулы жобасына.
Құжат 25 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.