Президент: Біз француз IT-компанияларымен ынтымақтастыққа ашықпыз
Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты ахуал күрделенген кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор
Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді. Сыртқы нарыққа 8 миллион тоннадан астам бидай мен 2 миллион тонна ұн шығарады. Өнімдері әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Биыл егіннің бітік шығуы нәтижесінде еліміздің астық экспорттау әлеуеті 12 миллион тоннаға дейін артты. Осы ретте Президент француз серіктестерді мал шаруашылығы мен дәнді дақылдар селекциясы саласында инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға үндеді.
«Цифрлық трансформация қазірдің өзінде еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін еселеуге мүмкіндік берді. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT-хабқа айналу. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы еліміз электрондық үкімет бағытында цифрлық технологияларды енгізу бойынша әлемде 24-орын, ал онлайн қызметтер көрсету бойынша 10-орын алды. Аталған рейтингтер Қазақстанның цифрлық трансформацияны табысты жүргізгенін айқындайды. Яғни, біз цифрлық инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып, жасанды интеллект, блокчейн сияқты озық технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Біз француз IT-компанияларымен ынтымақтастыққа ашықпыз. Олар, әсіресе, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қалалар» салаларында инновациялық шешімдерді әзірлеуге үлес қоса алады», - деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде өз бизнесін өркендету үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дөңгелек үстел қатысушыларына Франция Президенті Эмманюэль Макронды келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы француз кәсіпкерлеріне 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуды ұсынды.