Елордалық мектепте ЖИ арқылы оқушы үнін тыңдайтын «Адал байланыс» жүйесі іске қосылды

Астанадағы №8 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Сүйіндік Медина жасанды интеллекті пайдалану арқылы жаңа әлеуметтік жүйе ойлап тапты, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ол «Адал байланыс» деп аталатын жоба арқылы оқушылардың пікірін ескеріп, мектеп әкімшілігіне ұсыныстар мен шағымдарды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде аталған бастама тәжірибеден өтіп, білім ордасы ішінде қолданысқа енгізілген.
«Адал байланыс» жүйесі арқылы білім алушылар өздерінің қиындықтарын жасырмай жеткізе алады.
Сонымен бірге, жаңа идеяларын тікелей мектеп әкімшілігіне ұсынып, қажетті шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. Жобаның авторы – Медина бұл бастама арқылы мектептегі цифрлық мәдениетті дамытуға, оқушылардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға үлес қосуды мақсат етеді.



