Мемлекет басшысы: Туған елдің ықыласынан артық ештеңе жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет еліміздің ғылым саласын дамытуға, ғалымдарымыздың жетістіктері мен еңбегін бағалауға айрықша мән береді. Биыл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының ғалымдар ұжымына берілді. Орталық атом-энергетикасы саласында теңдессіз зерттеулер жүргізіп, әлемдік деңгейдегі озық әзірлемелер жасады. Қауіп-қатерден қаймықпай, өзгенің өмірін құтқару – нағыз ерлік. Мұндай адамдар шынайы құрметке лайық. Бүгін осындай бірнеше азаматты марапаттаймын, - деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Мемлекеттік марапатты ең алдымен халықтың алғысы деп түсіну керек екенін жеткізді. Сонымен қатар, жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жалпы еліміздің дамуына әр аймақтың тұрғындары, әр саланың мамандары зор үлес қосып жүр. Біз оларға әрдайым құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік марапатты, ең алдымен, халықтың алғысы деп түсінген жөн.
Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық ештеңе жоқ. Ендеше жұрттың ризашылығын алып, табысты еңбек ете беріңіздер!
Қастерлі Отанымыз өркендей берсін! Республика күні құтты болсын!, - деп аяқтады салтанатты жиындағы сөзін Мемлекет басшысы.