Үкіметте жаңа электрондық платформалар талқыланды
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жыл басынан бері республикада Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) іске қосылғанын, ол бұған дейін егіншілердің сынына ұшыраған осыған ұқсас жекеменшік платформаның орнына енгізіліп отырғанын баяндады.
Бүгінгі таңда СБМАЖ 1 млрд теңгеден астам соманы үнемдей отырып, барлық фермерлер үшін мемлекеттік субсидияларды тегін бөлуді қамтамасыз етуде. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезек беріліп, өтінімдердің бірыңғай тізілімі (күту парағы) енгізілді, сондай-ақ облыстар мен субсидиялар бойынша «жария бюджет» функциясы іске қосылды. Сонымен қатар платформада арзандатылған дизель отынын алуға өтінімдер қабылданады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін кері байланыс арналары жолға қойылған: мемлекеттік қолдау алу туралы сұрақтарды мессенджер арқылы жіберуге немесе call-орталыққа хабарласуға болады. Жалпы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша СБМАЖ-ға 50 мыңнан астам адам тіркеліп, жүйе арқылы 88 мыңнан астам өтінім берілді және 112 млрд теңгеден астам қаражат төленді.
Отырыста цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің биылғы маусым айынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген «minerals.gov.kz» Жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасын пайдалануға беру туралы есебі тыңдалды.
Платформа мемлекеттік функцияларды автоматтандыру арқылы пайдалы қазбаларды барлауды немесе өндіруді жүзеге асыруға лицензия беру процесін жеңілдетуге және жеделдетуге арналған. Платформа арқылы болашақ жер қойнауын пайдаланушылар (инвесторлар) оның инфрақұрылымы, қаншалықты зерттелгені және қолданыстағы келісімшарттардан бастап, геологиялық және геофизикалық деректерге дейін толық ақпарат ала алады.
Осылайша, жер қойнауын пайдаланушылар жүйеде жеке кабинет ашып, пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге өтініш бере алады, сондай-ақ мемлекеттік органдардан түрлі хабарламалар алып отырады. Платформа бойынша жұмыс жалғасуда, жақын арада геологиялық деректер мен есептерді цифрландыру және жүктеу, сондай-ақ бірқатар басқа да мәліметті өзектендіру көзделген.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар әділет министрі Азамат Есқараевтың баяндамасын тыңдады. Атап айтқанда, ол сәуір айында республиканың барлық өңірінде іске қосылған Мүлік иелері бірлестігін цифрландыру жобасы туралы айтып берді. Бүгінгі таңда оған 100-ге жуық үй қатысуда. Бұл бастама дауыс беру процесін автоматтандыру және электрондық хаттаманы қалыптастыру есебінен жалпы жиналыс хаттамаларында бұрмалаушылықты болдырмауға арналған. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жалғасуда.
Сондай-ақ министр «Цифрлық әділет» жобасы аясында басқа да бірқатар бастаманың іске асырылуы туралы хабардар етті. Олардың ішінде сот-сараптама қызметін цифрландыру бойынша «Е-saraptama», электрондық сенімхаттарды беру және онлайн-консультациялар өткізу бойынша «Цифрлық нотариат», НҚА келісу процесін автоматтандыру бойынша «Е-заңнама» және т.б. бар.