Астанада «Алғысым шексіз саған, туған жер!» атты дөңгелек үстел өтті
Дөңгелек үстелге ҚР МАМ Дін істері комитеті төрағасы Ержан Нүкежанов, Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев және дін өкілдері қатысты, деп хабарлайды Elorda.info.
Елімізде тұрақылық пен келісім сақталған. Бұл игі істе сіздердің үлестеріңіз өте зор. Бүгінгі отырыс - қоғамдағы рухани бағдарымызды айқындап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара деп білемін. Жалпы, әлемдік жаһандану үдерісі үдеген кезеңде кез келген халық өз туған жерін ұлықтап, бірегейлігіне мән бермесе, сыртқы сын-қатерлерге төтеп беру қиын екенін көріп отырсыздар. Сондықтан бүгінде осындай кездесулер маңызды деп білемін, - деді іс-шараны ашқан Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы.
Бұдан соң Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев сөз алды.
Тарихтан мәлім, біздің халқымыз өзге ұлттармен бірге қиын-қыстау жылдардың сынағынан өтті. Еліміздегі қазіргі тұрақтылық жағдайға өзара татулығымыздың арқасында қол жеткізіп отырғанымызды білеміз. Әдетте біз ауыр жылдарды аман-есен еңсерген ата-бабамыз туралы мақтанышпен айтып отырамыз. Енді өзіміз де болашақ ұрпаққа үлгі болар із қалдырып кетсек, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі дөңгелек үстелде еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігін сақтау жолындағы келелі әңгімелеріңізді ортаға салып отырсаңыздар, - деді спикер.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, бас имам Ерболат Жүсіпов биылғы жыл «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жарияланғанын атап өтті. Ол әрбір қазақстандық үшін дәстүрдің орны ерекше болса, ал ортақ құндылығымыз – Тәуелсіз Қазақ елі екенін айтты.
Жалпы, ислами түсінік бойынша туған жерге деген көзқарас ерекше. Туған жеріңді жақсы көре білу де – құлшылық. Себебі бұл – Алланың бізге берген нығметі. Біз мешітке, шіркеуге басқа да құлшылық орындарына келушілерге осындай негізгі қағидаларды түсіндіре білуіміз керек. Ең бірінші, қазақ елін көркейту. Дінде «ақырзаман болайын деп жатса да, қолыңда бір тал ағаш болса, соны үлгеріп егіп қал» делінген. Демек, ағаш егу, тал егу – елдің көркеюіне себеп болатын амал. Сондай-ақ Құран Кәрімде «жерде бұзақылық жасамаңдар» деген сөз айтылады. Елдің тыныш болуы – Алланың нығметі. Өкінішке орай кейбір елдерде соғыс болып жатыр, өз еліміздегі тыныштыққа шүкірлік айтуымыз қажет. Сондықтан елді ойлайтын уақыт келді, жан-жағымызға назар салатын уақыт келді, - деді бас имам.
Ал Успен Кафедралды Соборының ключары Дмитрий Байдек шіркеу басшысының бүгінде барлық провославтық храмдарда оқылған үндеуін оқып берді. Дмитрий Байдек сөз соңында көп ұлтты елімізге тыныштық пен бейбітшілік тіледі.
Бұдан соң «Астанадағы Қасиетті Мәриям Рим-католиктік Архиепархия» шіркеуінің архиепископ-митрополиті Томаш Бернард Пэта, «Інжілдік-Лютеран шіркеуінің» Архиепископы Новгородов Юрий Тимофеевич, «Астана қаласы Еврей діни қауымдастығы» ЖДБ басшысы Карнаух Шмуэль және басқалар тақырып төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды.