Президент Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында қандай мәселелер көтерді
Elorda.info VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы қандай мәселелер көтергеніне қысқаша шолу жасайды.
БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет.
Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек.
ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру маңызды.
Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әртарапты экономикалық құрылым қажет.
ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет.
Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын.
ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет.
Ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекетті міндеті. Сонымен қатар, ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды.
БЕСІНШІ. Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек.
Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды.
АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.
Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді.
ЖЕТІНШІ. Адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыру керек.
Өмірдің барлық саласында заң үстемдігі қағидатын сақтау еліміздің ілгері дамуының іргетасына айналуы тиіс. Әрбір азамат өз құқықтарының қорғалуына сенімді болуы және соттардың әділдігіне күмәнданбауы маңызды.
СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет.
Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Сол себепті жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту керек.