00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды
ашық дереккөз

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарды салыстыру мақсатында Еуропалық одақтың негізгі институттарының жоғары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі кабинетінің басшысы Камило Биариномен, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньмен және Еуропалық кеңес президентінің сыртқы істер жөніндегі аға кеңесшісі Магдалена Грономен кездесулер аясында 2022 жылдың күзінде өткен Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельдің Астанаға сапары және Мемлекет басшысының Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейенмен келіссөздерінің қорытындылары бойынша уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды.

Биыл Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Р. Василенко келіссөздерде жоғары деңгейдегі саяси диалогтың, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, адам құқықтары мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимылды ынтымақтастығымыздың келешекке бағытталған мазмұнды сипатын айқындайтын факторлар ретінде атап өтті.

Бірлескен іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) тиімді және толық іске асыру масқатында жоспарланған екіжақты әрі көпжақты форматтардағы іс-шараларға дайындық бойынша нақты қадамдар талқыланды. Атап айтқанда, ҚР – ЕО Ынтымақтастық кеңесінің, саяси және сауда конфигурацияларындағы ҚР – ЕО Ынтымақтастық комитеттерінің 20-шы мерейтойлық отырысын, «Орталық Азия – Еуропалық одақ» екінші Экономикалық форумын өткізу мәселелері қаралды.

Отандық дипломат серіктестерді Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. 19 наурызға жоспарланған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына еліміздегі дайындыққа ерекше назар аударылды.

Тараптар жаһандық турбуленттілік жағдайында ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін саяси диалогтың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығымен келісті.