Депутаттар әкімдердің қызмет мерзімін шектеуді ұсынды
Мәжіліс депутаттары облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің жұмыс мерзімін бес жылдық мерзіммен шектеуді ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.
Депутат Ерлік Өмірғали отыз жыл бойы Қазақстанда бір ғана партия билікке монополия жасағанын, сол себепті облыс пен қала әкімдеріне саяси партияға мүше болуға тыйым салу керек деп есептейді.
Әкімдер тек өз айналасына ғана емес, өз өңірінің барлық азаматына қызмет көрсетуге тиіс. Әкімдердің партияға мүше болуын тоқтату туралы ұсыныс негізді және конституциялық реформаға сай келеді деп санаймыз, — деді мәжілісмен Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы Үкіметке мынадай нормаларға бастама жасауды ұсынды:
1.облыс пен қала әкімдеріне лауазым атқару кезінде саяси партиялардың мүшесі болуға тыйым салу;
2.облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымын атқару мерзімін бір реттік 5 жылдық мерзіммен шектеу.