Үкіметте бюрократиядан арылту мәселелері талқыланды
Үкімет үйінде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту және қоғам өмірінің барлық аспектілерін цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, осы ведомствоның вице-министрлері және орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары қатысты.
Ғ. Қойшыбаев цифрлық технологияларды енгізудің және бюрократиядан арылтудың мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыруда ғана емес, бірінші кезекте қазақстандықтардың өмірін жақсартуда ерекше маңызды екенін атап өтті.
Биыл бюрократия мен цифрландыру мәселелерінде бірқатар серпінді қадамдарды жүзеге асыруымыз керек. Ең алдымен, мұнда халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктеріне ерекше назар аударған жөн. Бұл жұмыс Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі жарлықты және Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау шеңберінде кешенді түрде жүргізілуде, — деді Ғ. Қойшыбаев.
Бұл міндеттер қалай шешілетіні туралы Б. Мусин айтып берді. Мәселен, жасалатын жұмыс адамға бағытталған болуы керек.
Цифрландыру әрбір қазақстандыққа бағытталуы тиіс екенін түсінеміз. Онлайн-режимде автокөлікті қайта рәсімдеу, туу туралы куәлік алу сияқты азаматтарымыздың өмірін едәуір жеңілдеткен міндеттер орындалуда. Алайда әрі қарай ілгерілеу керек. 10 негізгі өмірлік жағдайды анықтадық, оларды толығымен қарастырып, өзіміз үшін проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу бойынша жұмысты жалғастыратын негізгі сәттерді белгіледік, — деді Б. Мусин.
Сонымен қатар министр мемлекеттік қызметшілерге, азаматтарға және бизнеске әсер ететін бюрократиядан арылту процесінің үш негізгі бағытын белгіледі. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін деректер негізінде шешімдер қабылдауды жеделдету үшін есеп беруді автоматтандыру, азаматтар үшін Отбасының цифрлық картасын (құжаттарды қажет етпейтін проактивті қызметтер) енгізуді, бизнес үшін таза парақтан реттеуді жүргізу жоспарлануда.
Кеңесті қорытындылай келе, Ғ. Қойшыбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлеріне цифрлық трансформацияны ілгерілетудің маңызды екенін еске салды.
Бюрократиядан арылту тек мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетумен ғана шектелмеуі керек. Оны еліміздің азаматтары өздерінің күнделікті өмірінде сезінуге тиіс. Бұл мәселені шешу үшін біз адамға бағытталған тәсілді жүзеге асырамыз, ол мемлекеттік аппараттың халықпен өзара іс-қимыл жасауына тікелей әсер етеді, — деп түйіндеді Ғ. Қойшыбаев.