Қазақстанда «Айбалта-2022» әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр
"Айбалта-2022" оқу-жаттығуы еліміздің шығыс, батыс, орталық және оңтүстік өңірлеріндегі полигондарда өткізіліп жатыр. Оған Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінің бөлімдері мен бөлімшелері жұмылдырылған, деп хабарлады Elorda.info.
Бірінші кезеңде бас қолбасшылар мен қолбасшылардың басшылығымен соғыс уақытында әскерлерді қолданудың оқу жоспарлары нақтыланды. Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің қатысуымен әскери міндеттілерді шақыру арқылы жұмылдыру және тактикалық арнайы оқу-жаттығулары өткізіліп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.
26 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған екінші кезеңде «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуы шеңберінде Қазақстанда бірқатар жедел тактикалық, тактикалық, тактикалық-арнайы, ұшу-тактикалық және арнайы оқу-жаттығулары өткізілуде. Бас қолбасшылар мен қолбасшылар қабылдаған шешімдердің негізінде бірінші кезең барысында әскерлер оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауы қажет. Оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының «Өзара іс-қимыл», «Іздеу» және «Эшелон» оқу-жаттығулары да бар. Бұл бірлескен маневрлер ҰҚШҰ-ның Қорғаныс министрлері кеңесі мен Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің 2018 жылғы 8 қарашадағы шешіміне сәйкес, Ұйымға мүше елдердің бірінің аумағында жыл сайын өткізіліп тұрады.
«Эшелон-2022» арнайы оқу-жаттығуында әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері пысықталатын болады. Оқу-жаттығудың бірқатар элементтерінің жұмыс істеуі, оған қоса теміржол көлігімен тасымалдау, жанар-жағармай құю және оқ-дәрілерді жеткізу, дала жағдайында қару-жарақ пен техниканы жөндеу, заттай, азық-түлік және медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылады.
«Іздеу-2022» арнайы оқу-жаттығуы Ұйымға мүше мемлекеттер барлау органдарының күштері мен құралдарымен барлауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға бағытталған.
«Өзара іс-қимыл-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Ұжымдық қауіпсіздіктің Орталық Азия өңіріндегі қарулы қақтығысты оқшаулау бойынша бірлескен операцияларын дайындау мен оларды өткізу мәселелерін пысықтауды көздейді.