Қазақстанда әскерилердің оқу-жаттығуы басталды
Елімізде «Ашық аспан-2022» оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«Айбалта-2022» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы шеңберінде өткізілетін «Ашық аспан-2022» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына 40-тан астам майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиация, пилотсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.
«Ашық аспан-2022» оқу-жаттығуы Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетовтің басшылығымен өтуде.
Еліміздің барлық өңірлерінде өтетін жаттығулар шартты қарсылас әуе шабуылы құралдарын қолданған кезде жеке құрамды практикалық іс-қимылдарға үйретуге бағытталған.
Қазіргі таңда әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басқару органдары, құрамалары мен бөлімдері жауынгерлік әзірлікке келтіріліп, оқу-жауынгерлік қимылдарды ұйымдастыру шараларын жүргізуде.
Келесі кезеңдерде авиацияның практикалық ұшуларымен құрамалар мен бөлімдерді жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындау ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ Әуе қорғанысы күштерін басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалана отырып, шартты әуе нысандарын ұстап, оларды жою жүзеге асырылады.
Бұдан өзге, майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиация экипаждары ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Іздестіру-2022», «Эшелон-2022» және «Өзара іс-қимыл-2022» оқу-жаттығуларына тартылатын болады.
Оқу-жаттығулар 7 қазанға дейін жалғасады.