Бүгін елімізде Президент сайлауына кандидаттар ұсыну басталды
23 қыркүйекте Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауына кандидаттар ұсыну басталды, деп хабарлады Elorda.info.
Науқан 19 күнге, яғни 11 қазан кешкі сағат алтыға дейін созылады.
Президенттікке кандидаттарды республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Орталық сайлау комиссиясы 23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында үміткерлердің Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексереді.
Президенттікке үміткерге қойылатын талаптар:
- тумысынан Қазақстан азаматы болуы керек;
- соңғы 15 жыл ел аумағында тұруы шарт; жоғары білімі бар;
- 40 жасқа толған; белсенді сайлау құқығына ие;
- мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар;
- мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.
- Сонымен қатар, саяси додада бақ сынайтын кандидаттар 3 млн теңге жарна төлеуге міндетті.
Бұдан бөлек, президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар калалардың және астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1%-нің қолын жинаумен куәландырылуға тиіс.
2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан сайлаушыларының тізіміне 11 827 277 азамат енген. Соған сәйкес, әрбір кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы шарт.
Кандидаттарды тіркеу үшін қажетті құжаттар тізімі
- қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының хаттамасынан президенттікке кандидат ұсыну туралы үзінді.
- Қоғамдық бірлестіктің әділет министірлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі қоса берілуге тиіс;
- президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсуге келісім беру туралы өтініш; азаматтардың қолдарын тексеру нәтижесі туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
- кандидаттың өмірбаяны;
- кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелер туралы декларацияларды тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
- денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды.
Сайлау алдындағы үгіт 21 қазанда басталып, 18 қарашада аяқталады.
19 қараша – тыныштық күні.
20 қараша күні сайлаушылар Қазақстан Президентін жеті жылға және бір мерзімге ғана сайлайды.
Осы жолғы Президент сайлауының бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Президенттікке ұсынылған кандидаттарға сайлаушылардың көңілі толмаса, олар дәл осы тармақты таңдап, өз қарсылығын білдіре алады.
Орталық сайлау комиссиясынан хабарлағандай, биыл бюллетеньдер айтарлықтай қымбаттаған. Мәселен, 2019 жылы бір бюллетеньді әзірлеуге 11 теңге қажет болса, 2022 жылы құны 22 теңгеге дейін өсіп отыр. Ел Президентін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды.