Алдағы сайлау халықты біріктіруге бағытталған – Алуа Жолдыбалина
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Президент сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақстанда жаңа электоралдық кезең басталды. Референдумнан кейін елдің бірқатар сарапшылары конституциялық реформаның барысы президенттік және парламенттік сайлау өткізу қажеттілігін білдіреді деген еді. Сарапшылар референдум нәтижелерін бекіту мақсатында президенттік, парламенттік және мәслихаттық мандаттарды жаңарту маңызды екенін атап өтті. Сондықтан сарапшылар қоғамдастығы үшін де, саяси топтар үшін де сайлау болжамды қадам болды, - деді ол.
Жолдыбалинаның айтуынша, жалпы сайлау саяси процесс ретінде бірқатар маңызды функцияны атқарады.
Біріншіден, сайлау билік органдарын қалыптастырудың демократиялық тәсілі ретінде саяси режим мен сенімді заңдастырудың құралы ғана емес. Сонымен қатар азаматтардың саяси белсенділік танытуының, олардың сұраныстарын, мүдделерін, қоғамдық шоғырлануын, биліктің азаматтармен кері байланысын қамтамасыз етудің және саяси мәдениетті қалыптастыру мен дамытудың, саяси өмірге қатысу дағдыларын игерудің маңызды құралы болып табылады.
Екіншіден, сайлау - азаматтарды толғандыратын сұрақтар мен мәселелерді шешудің жаңа мақсаттары мен бағдарламаларын ұсынудың, жалпы әлеуметтік-экономикалық, саяси бағытты түзетудің тәсілі. Сондықтан алдағы сайлау халықты біріктіруге бағытталған. Жалпы әлемдік трендтерді назарға алатын болсақ, азаматтарға алдағы жолдың бағдары мен нақты жоспарларды айқын түсіну қажет. Сайлау конституциялық реформалардың жетістіктерін бекітіп қана қоймай, басқа салалардағы реформаларды жалғастыру мен күшейту үшін қажетті уақыт пен сенім мандатын береді. Бірінші кезекте әлеуметтік және экономикалық салаларда.
Жалпы сайлау қоғамдық өмірге белгілі бір циклдік сипат беріп, жүріп өткен жолды қорытындылап, болашаққа назар аударуға мүмкіндік жасайды, - деді Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары.