Қырғызстанда Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері кездесті
Іс-шараға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан СІМ басшылары мен Түрікменстанның Қырғызстандағы елшісі қатысты.
Қатысушылар 21 шілдеде Шолпан-Ата қаласында өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алдағы төртінші Консультативтік кездесуіне дайындық барысын талқылады. СІМ басшылары саммиттің күн тәртібі мен қорытынды құжаттарының жобаларын жан-жақты қарастырды. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, көлік, гуманитарлық салалардағы өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың жай-күйі мен перспективалары және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық өзара іс-қимылы соңғы жылдары сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін және бесжақты қатынастарда серпіліс жасалғанын атап өтті.
Қазақстан Орталық Азияның тұрақты дамуына, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға одан әрі үлес қосуға ниетті, - деді СІМ басшысы.
Кездесуге қатысушылар қырғыз тарапына іс-шараны сапалы ұйымдастырғаны және Қырғызстанның өңірлік интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған күш-жігері үшін алғыс білдірді.