Референдум: Түркия және Өзбекстанда дауыс беру учаскелері ұйымдастырылған
Бұл туралы елордадағы халықаралық ақпарат орталығында өткен брифингте Өзбекстан ОСК төрағасы Зайниддин Низамхожаев және Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя мәлімдеді.
Брифинге қатысушылар алдымен Қазақстандағы референдум елдің азаматтары өзінің конституциялық құқығын толық пайдалана алатындай жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тағы да атап өтті. Қазақстанда тек елордада ғана емес, Ақмола облысы бойынша ауылдық жерде де болып, үш учаскеге барған өзбекстандық делегация өкілдері дәл осындай сайлау учаскесі Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде ұйымдастырылып, Қазақстан заңнамасы бойынша өткізіліп жатқанын жеткізді.
Қазақстандағы референдумның Өзбекстан үшін маңыздылығына келсек, біз үнемі Қазақстандағы сайлау бойынша барлық шараларға қатысамыз. Бұл референдум – уақыт талабы деп айтуға болады және конституцияға енгізіліп отырған өзгерістер халықаралық демократиялық құқық талаптарына сәйкес келеді, әрі ол қоғамның, экономиканың, демократияның дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында бүкіл бағыттар бойынша достастық қарқынды дамуда, әсіресе екі елдің жастары арасында, атап айтсақ, мәдени тәжірибе алмасу, жастар арасындағы бизнес бойынша жұмыстар жүргізілуде, алдағы уақытта соның жемісін көреміз деп ойлаймын, - деді Зайниддин Низамхожаев.
Ал Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя Түркияның Анкара, Стамбул, Адана қалаларындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде сол жақта жүрген Қазақстан азаматтары үшін осы референдумға қатысып, дауыс беру мүмкіндіктері жасалғанын, яғни сайлау учаскелері ұйымдастырылғанын жеткізді.
Референдум – бұл үнемі және жиі қолданылатын құрал емес, бірақ демократияға бастайтын бірден бір құрал. Референдум Түркияның тарихында үш рет, яғни 1986, 2010, 2017 жылдары өткізілді. Үшеуінде де референдум қабылданды. Қазақстанның соңғы 27 жылда алғаш рет референдум өткізіп отырғанын да білеміз. Бұл референдум Қазақстанның халқы және елдің болашақтағы демократиясы үшін оң өзгеріс әкеледі деген үміттеміз, - деп атап өтті ол.
Райхан РАХМЕТОВА