Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады
Құрметті отандастар! Халықаралық балаларды қорғау күні – ерекше қуаныш пен мейірімге толы шуақты мейрам. Баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін осы мерекеде бәріміз айқын сезінеміз. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Біз заманауи мектептер мен жайлы балабақшалар салып, инновациялық орталықтар, оқушылар сарайларын және спорт кешендерін ашып жатырмыз. Үйірмелер мен секциялар да ұйымдастырылған. «Балалар жылы» аясында көптеген жаңа жобалар қолға алынды. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет жылдан жылға бұл бағыттағы жұмысты күшейте түседі. Өйткені, жас ұрпақтың мықты азамат болып өсуі еліміздің тұрақты дамуына және баянды болашағына жол ашады. Жас қазақстандықтарды және барша жұртты осы жарқын мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!, - делінген Президент құттықтауында.