00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Есірткімен күрес: Елордада ақпараттық жүйе мен цифрлық карта іске қосылды

Есірткімен күрес: Елордада ақпараттық жүйе мен цифрлық карта іске қосылды
фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «ESIRTKISIZ ELORDA — Дені сау ұрпақ» жобасы аясында өткен дөңгелек үстел барысында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін цифрлық құралдарды пайдалану мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Дөңгелек үстелді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мен елордалық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырды.

Есірткі қылмысының алдын алу тиімділігін арттыру үшін ESBOL QORY ақпараттық жүйені әзірледі. Қор басшысы және ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Жандос Ақтаевтың айтуынша, ақпараттық жүйенің көмегімен соңғы 2,5 жылда 4 мыңнан астам есірткі сатушының әрекеті бұғатталды.

«Мұндай әрекетке күмәнді жұмыс түрі жазылған жарнамалар жатады. Біздің модераторлар осындай хабарландыруларды вирустық есірткі контентінің критерийлері бойынша тексереді», - деп түсіндірді Жандос Ақтаев.

Сондай-ақ, қор биыл есірткі қылмысының цифрлық картасының пилоттық нұсқасын іске қосты. Айта кетерлігі, ұйым құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейді.

«Күдікті әрекеттерге куә болған кез келген адам картадағы орынды жасырын түрде белгілей алады. Бұл қылмысқа қарсы күресте азаматтық белсенділікті арттыруға көмектеседі», - деп түсіндірді қор басшысы.

Қазақстанның Азаматтық альянсының директоры Мұрат Омашев өз кезегінде танымал әлеуметтік желілерде қылмыстық жауапкершілік туралы ақпаратты жариялаудың маңыздылығын атап өтті.

«Есірткі бизнесімен айналасудың қандай салдары болатынын адамдарға түсіндіру маңызды», - деді ол.

Дөңгелек үстел соңында «Ренессанс» оңалту орталығының бағдарлама жетекшісі Талғат Асылғажин цифрлық құралдарды пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Есірткі, әсіресе синтетикалық препараттарды белсенді қолданатын аудандарды анықтау үшін сарқынды суларды талдау керек екенін айтты.

«Синтетика ресми түрде есірткі арасында үшінші орында болғанымен, ол көп таралған», — деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар есірткі қылмысының алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға кешенді көзқарас қалыптастыру үшін мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.