Астанада қар тазалауға 1,3 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды
Астана көшелерінің қарын күндізгі ауысымда 1 300-ден астам арнайы техника мен 2 500-ден астам жол жұмысшысы тазартуға кірісті. Жауын-шашынның салдарынан қар күреу жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елордадан 15 қарашаға қараған түні 27 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 2 136 мың ауыр жүк көлігіне тең.
Қыс мезгілі басталғалы қар полигондарына 21 мыңнан астам рейспен 267 мың текше метрден астам қар жеткізілді.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласу керек, - делінген хабарламада.