БАҚ туралы заң қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде қайта қаралады – министр
Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» атты Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Ақпарат саласы бойынша тоқталсақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, ашық ақпараттық кеңістік пен бәсекеге қабілетті отандық бұқаралық ақпарат құралдарын құруға ерекше назар аудару қажет. Бүгінгі таңда министрлік алдында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін, мәртебесін және жауапкершілігін нығайту бойынша бірқатар міндет тұр, - деді А.Умаров.
Осыған байланысты, министрліктің жұмысы, ең алдымен, келесі міндеттерді шешуге бағытталатын болады:
Біріншіден, қоғамның сұранысы мен мемлекет мүддесін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы қайта қаралатын болады. Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын атап өту маңызды. Осылайша, журналистік қоғамдастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселелері ескерілетін болады.
Екіншіден, азаматтық бақылауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамитын болады.
Үшіншіден, мемлекеттік ақпараттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірленетін болады, - деді министр.