00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Amanat партиясының жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет – Мәжіліс депутаты

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Amanat партиясының жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет – Мәжіліс депутаты
ашық дереккөз

Бұл туралы Amanat (Nur Otan) партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек айтты.  

Ең әуелі барлық партияластар мен жақтастарды партияның құрылған күнімен құттықтаймын. Бүгін көктемнің беташар күні, бүгін Алғыс айту күні!

Бүгін көптеген пікірлер айтылуда, тіпті партияны тарату керек деген. Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесі, саяси жүйесінің негізгі элементі, тұтқасы – саяси партия болып табылады.

Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын.

Міне, арада 23 жыл өткен соң біз еліміз бен партиямыздың тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз.

Құрметті отандастар, бүгін баршамыз көршілес елдер секілді үлкен жолдың қиылысында тұрмыз – біртұтас ұлт ретінде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, әрі қарайғы даму құқығымызды дәлелдейтін кез келді. Жағдай күн санап өзгеруде, мемлекеттік жүйені бұрын-соңды болмаған күйзеліске ұшыратқан жайы бар.

Жаңа ғана атқарушы хатшы Асхат Оралов айтып өткендей, «Nur Otan» партиясы қайтадан түлеп, «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуы тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді – Партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек! – деді ол. 

Мәжілісмен 2007 жылдың басында оқудан орала салысымен партия қатарына қосылғанын, орталық аппаратта қызмет еткенін айтты.

Қадірлі әріптестер, жеке басымнан сіздерге деген үлкен өтінішім, қазіргідей уақытта партияның ұйытқылары, белсенділері, ардагерлері, барлығымыз күш біріктіруіміз керек!

Партия модернизациясы аясында бір-екі ұсынысым бар.

Біріншіден, қоғаммен байланысты, коммуникация жасауды желілік принциптерге көшіру керек, «цифрлық демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалану керек.

Екіншіден, партия қоғамның сұранысына анықтауға бірқатар құралдары бар - Қоғамдық қабылдаулар – партия мүшелері - Бастауыш партия ұйымдары. Бірақ келіп түсетін мәліметтердің кең ауқымы пайдаланусыз қалып жатыр. Бұл үшін партия жұмысына «Big Data» технологиясын енгізу қажет, ол ақпараттық құралдарды бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.

Бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. 

Соңғы бірнеше жылда жеке компанияда білім саласында жобаларды жүзеге асырумен айналыстым. Бірақ дәл қазір жеке мүддені ысырып қойып, Халық мүддесі үшін жұмыс істеу керек деп білемін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы, есіңізде болса алдыңғы жылы Ұлттық кеңестің отырысында мен сізге өз замандастарымның атынан ұсыныс білдіріп, ел үшін, халық үшін бізді отқа тастаңыз деп айтқан едім, – деп сөзін қорытындылады Саясат Нұрбек.