Қазақстан әлемдік қауымдастықта сыйлы мемлекетке айналды – Президент
1990 жылдардың басында белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар Қазақстанның демографиялық ерекшелігі мен реттелмеген шекарасына байланысты еліміздің тез күйреуін болжағанда, Назарбаев аса күрделі тарихи кезеңде мемлекеттік құрылыстың ең күрделі миссиясын өз мойнына алды. 1990 жылдардың ортасында шекараларды құқықтық ресімдеу жұмыстары басталып, оны делимитациялау және демаркациялаумен аяқталды. Бұл жетістік мемлекетіміздің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін стратегиялық маңызды болды, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент астананың Сарыарқа орталығына көшірілуі Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және оның геосаяси ұстанымдарын нығайтуда маңызды рөл атқарғанын айтты.
Бұл шешім барлық жерде – шетелде де, біздің елімізде де стратегиялық деп танылды. Жалпы Қазақстан нарықтық экономикаға айналып, өзінің бейбітсүйгіштігін және халықаралық міндеттемелерді берік ұстанатынын мәлімдей отырып, әлемдік қауымдастықта беделді, сыйлы мемлекетке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.