«Ресейдегі кейбір телеарна жалған ақпарат таратып жатыр» – сарапшы
Бұл туралы Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Сельтеев Atameken business телеарнасына берген сұхбатында айтты.
...Мен бірнеше шетелдік телеарнаға интервью бердім. Оның ішінде "Дождь" телеарнасы да болды. Бірақ олар жалған ақпарат таратып отыр. Осыған дейін мен аталған телеарна таратқан ақпаратқа сенетінмін. Алайда тікелей эфирде тележүргізушіге дауыс көтеріп, сөйлесуіме тура келді... Онда ашық түрде «Қазақстанда наразылыққа шыққандарды басып жатыр» деген жалған ақпарат тарауда. «Дождь» телеарнасының тікелей эфирінде мен елде террористердің көзі жойылып жатқанын айттым. Лаңкестер арнайы дайындықтан өткен әрі қаруланып, тәртіпсіздіктер ұйымдастырған. Менің ойымша, олар («Дождь» телеарнасы) хайп қуып отыр немесе стереотипке салып, ақпаратты дұрыс таратпауда әрі мәселеге геосаяси факторды да қосқан, - дейді саясаттанушы.
Оразғали Сельтеев өз сұхбатында пікірін нақты жеткізгенін, оны әлеуметтік желі қолданушылары қолдағанын атап өтті.
Телеарнадағы адамдарға пікірімді сенімді түрде жеткізе алдым деген ойдамын. Себебі, интернет қосылған кезде Facebook-тен көптеген оқырман хабарласып, тележүргізушінің пікірімен келіспейтінін айтты. Олардың ішінде ресейлік оқырмандар да болды, - деді Еуразиялық интеграция институтының директоры.