Денсаулық сақтау министрі міндетін кім атқаратыны белгілі болды
«Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқару денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Қонысұлы Бүркітбаевқа жүктелсін», - делінген премьер-министр қол қойған құжатта.
Айта кетері, 20 желтоқсанда мемлекет басшысы Алексей Цойды денсаулық сақтау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды.
Содан кейін денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі Цойдың өз еркімен қызметінен босатылғанын айтты.
Ал Алексей Цой әлеуметтік желіде жазба жариялап, денсаулық сақтау саласын ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы дамытуды қолға алатынын мәлімдеді.
Бүркітбаев туралы не белгілі
Бүркітбаев 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Медицина ғылымдарының кандидаты. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін «Емдеу ісі» бағыты бойынша бітірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын «Фармация» мамандығы бойынша және «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматыдағы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасының дәрігері болып бастаған. Әр жылдары денсаулық сақтау министрлігінің түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді. Елордада қан орталығын, трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығын басқарды.
2019-2021 жылдары ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың басқарма басшысы болды. 2021 жылдың 22 қаңтарында бастап денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалды.