Батыс пен Шығыстың алтын көпірі – «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі»
Шекараның шегенделуі – жарқын жетістік
Еліміз егемендік алғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, оның сарабдал саясаткерлігінің арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға берді. Мысалы, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі (1979-1990 жж.) Маргарет Тэтчер:
«Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» деген болатын.
КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы уақыттан-ақ Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында бірге болып, осы уақыттарда территориялары империялық мүддеге сай қазақ жері есебінен өзгертіліп келген Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекараны анықтайтын мәселелер де бірден туындады. Тура осы мерзімдегі Елбасының жоғарыдағы аталған елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да осынау күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және әділетті тұрғыда шешуге арналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен нақтыланды. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске асырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.
Қазақстан – Қытай шекарасының барлық мәселелерінің халықаралық заңнама талаптарына сәйкес реттелуі қазақ елінің жарқын жетістігі болды. Қазақстан небәрі он жылдың ішінде Қытаймен территориялық мәселені толық реттестірді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында басталып, әлемнің екі ірі ядролық державасын қарулы қақтығысқа дейін жеткізген талас Нұрсұлтан Әбішұлының іскерлігінің арқасында толығымен шешімін тауып, ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын Алтай мен Атырауға созылып жатқан ұлан-ғайыр атырап, Ұлы дала елінің шекарасы түпкілікті түрде бекітілді.
Сыртқы саясат және ядролық қарусыз әлем
Қазақстанның тәуелсіздігін алған алғашқы күннен-ақ мемлекеттің сыртқы саясатын негіздеу басты міндеттің біріне айналды. Отанымыздың басқа елдермен, соның ішінде көршілерімен теңдік пен түсіністік жағдайындағы аталған бағыттағы қызметінің бастауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев тұрды. Ол уақыт талабына сай жүргізген сындарлы қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік қауымдастыққа берік еніп, өзін бейбітсүйгіш, демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде таныта білді. Республика жер шарындағы қазіргі күнгі барша беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның БҰҰ-дағы өзіндік орны қалыптасты. Елбасы аталған халықаралық ұйым мінбесінен бірнеше рет сөз сөйлеп, әлемдегі, жекелеген аймақтардағы бейбітшілікті қамтамасыз етуге арналған бағалы бастамалар көтерді. Солардың ішінде Н.Назарбаев тарапынан ядролық қаруды әлемдік тұрғыда сынауды тоқтату, оны толығымен жою бағытындағы бастамашылық қызметі Отанымыздың шеңберінен асып, дүниежүзілік маңызға ие болды.
Еліміз бүкіл әлемге ядролық қарудан бас тартқан бейбіт өмірдің жаршысы ретінде танылды.
Тарих беттеріне үңілсек, Семей полигонында 40 жыл ішінде барлығы 456 ядролық сынақ өткізіліп, оның 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалған болатын. Полигон аумағы 18 500 шаршы метрдi құраған. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Қазақ жерiндегi жарылыстар Хиросимаға тасталған бомбалардан 2,5 мың есе қуатты болған еді.
Ел мен тәуелсіздіктің тағдыры таразыға тартылған тұста Елбасының 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен Семей атом сынақ полигоны жабылды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ең әуелі Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету үшін жасаған тарихи шешімі болды. Қазіргі жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі болды. Қазақстан – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатын және «Ванкуверден Владивостокке дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігін ЕҚЫҰ-ның сақтағанын көрсеткен бұл тарихи шешім – республикамыздың халықаралық саясаттағы артып келе жатқан рөлінің мойындалуының айғағы.
Астана – ескерткіштің ең ұлысы
Сонымен қатар Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ел астанасының Алатаудан Арқаға көшуі де Елбасының ерлігі екені даусыз. 20 жылдан аса уақыт ішінде бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы талай сүрлеуден өтіп, әлемдегі көрікті қалалардың бірі ретінде өз орнын айшықтады. Қоғам қайраткері, «Бәйтерек» поэмасының авторы, ақын Несіпбек Айтұлы еңселі елорда жайлы «Астана – ескерткіштің ең ұлысы» деп жырлады.
«Астананың Арқаға көшіп келуі Елбасының көрегенділігі деуге болады. Себебі сол кезде бас қаламыз Алатаудың баурайынан Есілдің жағасына қоныс аудармаса, бүгінде көрші елдегі теріс пиғылды адамдар жерге қатысты қисынсыз әңгіменің әлқиссасын ең әуелі осы жерден бастайтын еді. Сол үшін де қазақ жұрты Нұрсұлтан Назарбаевқа қарыздар», – деді Несіпбек Айтұлы Elorda.info тілшісіне берген сұхбатында.
Қоғам қайраткері, сатирик, «Ара» журналының бас редакторы Көпен Әмірбек Тұңғыш Президенттің тапқырлығына тәнті екенін жеткізді.
«Елбасы – сөзге тапқыр адам ғой. Астананы көшіру туралы сөз тараған кезде Нұрсұлтан Әбішұлынан Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцин қиын-қыстау кезде мұндай қадамның қаншалықты қажет екенін сұрап, әуре болмауға кеңес беріпті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Оның несі жаман? Есесіне сіздерге, Ресейге бір қадам жақындай түсеміз», - деп әзілмен әңгімені қысқа қайырыпты. Сұхбаттардың бірінде менен бір журналист астананың дамуына қандай үлес қосып жатқанымды сұрады. Сонда мен: «Есілдің жағасынан Елбасы қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым», - деп жауап бердім», - деді Көпен Әмірбек.
Ал композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының бас хормейстері Амантай Жұмашев Elorda.info тілшісіне берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тек білікті басшы, сарабдал саясаткер ғана емес, сонымен қатар рухани тұлға екенін айтып өтті.
«Елбасы жұмыстан тыс уақытта барлық проблеманы ұмытады. Кейбір әнге жас жігітше билеп те кетеді. Әңгімені қалай айтады десеңізші! Ол кісінің әңгімесі адамды ұйытады. Кейбір адамды қалжыңмен қағытып, әзіл айтып, бәрін күлдіріп отырады. Мен кейбір лауазымды тұлғаның алдына барғанда аздап қобалжуым мүмкін. Бірақ Елбасының алдында еш қобалжымаймын. Неге десеңіз, ол кісінің өзінің атмосферасы сондай. Өнер адамдарына қатты сөз айтпайды. Оларды қолдап-қолпаштап отырады. Өте рухани адам. Әндердің сөзіне керемет мән береді. Кейде «Эх, дороги...» деген әнді шырқайды. Содан соң бір жағы қалжыңдап: «Амантай, енді қазақшасы» дейді де, «Баспадым жардың шетін құлай ма деп, Ішпедім арықтан су лай ма деп...» деген әнді орындап кетеді. Көрдіңіз бе, «мына әнді қазақша осылай айтар едім» дегендей қылып орындайды. Кейбір әнді шырқағанда көзіне жас тұнады. «Ахоу арман, Дүние жалған!» деп шырқай жөнелгенде жанындағы серіктері әбден біліп алған, қайырмасында «Халау ләйлім, халау ләйлім!» деп қосылып кетеді. Мен де құдды бір хорды басқарып тұрғандай, белгі беріп қалғанда олар қосылып, қайырмасы біткенде тоқтай қалады. Әрі қарай шумақтарын ана кісі өзі жалғап кетеді. Елбасымен бірге ән салу – ғанибет қой, шіркін!» - деді Амантай Жұмашев.
Қазақстан – Ислам мен Батыс арасындағы диалогқа дәнекер
Сондай-ақ 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси үндеуін, прагматикалық принциптерге негізделген өз ұлттық мүдделерін басшылыққа алып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен болатын.
Қазақстан Ислам мен Батыс өркениетінің арасындағы диалогқа дәнекер болып, әлемдік діндер съезін өткізді. Сондай-ақ Астана Сирия мәселесін талқылайтын алаңға айналды.
Елбасының жүргізген сарабдал саясатының бір бағыты – тегіміз бір, тарихымыз ортақ, түбірі бір түркі тілдес бауырларымызбен іргемізді берік ұстап, олармен қарым-қатынасымызды үздіксіз дамыта беру болды. Тұңғыш Президент түркі мәдениеті халқымыздың тарихында елеулі орынға ие екендігіне қашанда көңіл бөліп, тәуелсіз мемлекеттің дамуында түркі әлемінің мәдени байланысы мен дамуына үлкен мән берді.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың аса көрнекті көшбасшылығының арқасында кешегі Кеңес Одағының кенжелеп қалған қиыр өңірінен экономикалық жағынан қуатты, демократия тұрғысынан серпінді дамып келе жатқан мемлекетке, сыйлы өңірлік державаға және халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айналды.