Нұр-Сұлтанды Вашингтонға ұқсатамын – АҚШ елшісі Уильям Х. Мозер


– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Сіздің елдің қарапайым тұрғыны Қазақстан туралы біле ме? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?
– Мен 1990 жылдары Алматыдағы біздің елшілікте үш жыл қызмет еткен едім. Сол уақытта мен де, отбасым да Қазақстанды жақсы көріп қалдық – оның халқын да, мәдениетін де. Мен орыс тілін сол жылдары Алматының такси жүргізушілерінен үйрендім деп жиі әзілдеймін, бұл күлкілі болып естілгенмен, шындық. Алайда сол кездегі бас қала Алматыға келіп, Қазақстан туралы алғашқы әсерім мен 2019 жылы АҚШ-тың Астанадағы, қазіргі Нұр-Сұлтандағы елшісі ретінде келгендегі әсерім екеуі екі бөлек, мүлде өзгеше. Нұр-Сұлтанның қысқа уақыт ішінде қаншалықты дамығаны таңғаларлық! Мен қазақстандық мәдениеттің беріктігі мен байлығына, оның әлемге әйгілі қонақжайлылығына және келген қонақтарға көрсететін ашықтығына таңданысым ешқашан тоқтаған емес. Мені қазақстандықтар жақсы, жылы қабылдайтынын әрдайым сеземін.
– Елордамыз сізге несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?
– Біздің екі елдің де астанасын алғашқы президенттеріміз таңдаған, білесіз бе? Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы Ақмоланы астана етіп таңдағанындай, біздің бірінші президентіміз Джордж Вашингтон да Вашингтон округінің орналасқан жерін таңдады. Вашингтон – ғажайып жасыл қала, көптеген саябағы бар, жаңартылатын энергия көздерінің өршіл мақсаттары бар және ол 2017 жылы қалаларды сертификаттау үшін LEED (энергетика мен экологиялық дизайн саласындағы көшбасшылық) алған әлемдегі алғашқы 100 қаланың бірі атанды. Нұр-Сұлтан қаласының тұрақтылығын жақсарту, оның ішінде LEED сертификаттау стандарттарын қабылдау, инфрақұрылым мен тұрғын үйлерді жылытуды өзгерту Қазақстан Үкіметі үшін басымдық болып табылатынына қуаныштымын және осы бастаманың жалғасын көргім келеді.
– Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз? Қазақстанда демалыс өткізу сізге ұнай ма? Қандай кемшіліктер бар?
– Қазақстанның астанасы әлемге ерекше сәулетімен әйгілі. Әсіресе Ұлттық паралимпиадалық орталық ерекше ұнайды. Бұл – қазақстандық паралимпиадалық спортшылардың қызметі мен жаттығуы үшін керемет кеңістік қана емес, сонымен қатар америкалық I Design Access компаниясы дизайн мен қолжетімділіктің жалпы шешімдері бойынша кеңес берген орталық. Америкалық паралимпиадалық спортшы, компанияның бас директоры және негізін қалаушы Илеана Родригес Қазақстанға бірнеше рет сапармен келді және 2018 жылдың шілдесінде ашылу салтанатына қатысты. Басқа да танымал ғимараттар бар болса да, мен үшін Ұлттық паралимпиадалық орталық Қазақстан мен АҚШ-тың бірлесіп жасалғанынан жақын болып табылады. Қазақстанның паралимпиадалық құрамасын Токиодағы Паралимпиада ойындарындағы жеңістерімен, жүлделерімен құттықтаймыз! Біз Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитетімен спортшыларға ағылшын тілін үйрету, басқа да жобалар бойынша көптеген жылдар бойы әріптеспіз. Қаладан тыс айтатын болсақ, Бурабай айналасындағы орманды ландшафтта жаяу жүргіншілерге арналған әдемі жолдар, Бурабай көлінің әсем көріністері бар. Онда қайық пен ескекті жалға алып, Жұмбақтас жартасын жан-жағынан көре аласыз. Кішігірім үйді жалдап немесе сәнді қонақүйде тоқтай аласыз. Қарағанды да өзінің тарихымен, керемет сауда орындарымен танымал. Мен пойызбен жолға шыққанды ұнатамын. Алматыға барарда купеге тапсырыс беріп, қалалар арасындағы даланың көрінісін тамашалаймын.
– Екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтастықты дамыту, басымдық беру қажет деп санайсыз?
– Америкалық кәсіпкерлер Қазақстанға алғашқылардың бірі болып инвестиция салды және біз бұл компаниялардың Қазақстанмен серіктестігінің арқасында әкелген үлкен экономикалық әрі әлеуметтік пайдасын көріп, мақтанамыз. Бүгінде Қазақстандағы Американың Сауда палатасына 200-ден астам компаниялар кіреді. Салыстыру үшін айтайын, мен осында 1998 жылы тұрған кезімде, палатада 35 америкалық фирма ғана тіркелген еді. Бұл – керемет өсім және бұл АҚШ кәсіпкерлерінің Қазақстанмен әріптес болуға деген қызығушылығын көрсетеді. Біз Америка Құрама Штаттарынан көбірек инвестиция тарту, елдеріміз арасындағы сауданы тереңдету және кеңейту, Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту мен әртараптандыру жөніндегі күш-жігерін қолдау үшін ынтымақтастығымызды жалғастырамыз деп үміттенеміз.
Қазақстан терроризм және экстремизмге қарсы күресте сенімді серіктес бола білді. Қазақстан өзінің үлгісі арқылы басқа елдерден бұрын Сирия мен Иракта «Ислам мемлекетіне» қарасты аумақтардағы өз азаматтарына жауапкершілікпен қарауға шақырып, әлемдік көшбасшы болды. Бұрынғы жауынгерлерді еліне қайтару және қажет болған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе түрмеге қамау – олардың ұрыс даласына қайтып келмеуінің ең жақсы әдісі. Біз Қазақстан Үкіметіне сараптамалық консультациялар береміз, себебі Қазақстан елге оралғандарды қайта оңалту мен қоғамға қайта бейімдеу бойынша ұзақ және күрделі міндеттерді өз мойнына алды. Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жаңа міндеттер бойынша серіктестікті жалғастырады. Қазақстан БҰҰ бітімгершілік қызметі аясында қазір Орталық Азияда көшбасшы болып табылады. Біз неғұрлым тұрақты және қауіпсіз әлем құру үшін бірге жұмыс істейміз.
Біздің екі ел бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста екенін көрсететін көптеген тамаша мысалдар бар. Америка Құрама Штаттары COVID-19 дағдарысы кезінде Қазақстанның досы және серіктесі болды. Біз вируспен күресуге 6 миллион доллардан астам қаражат көлемінде көмек бердік. Біздің серіктестік осы қиын кезеңде қажетті жеке қорғаныш құралдарын сатып алудан бастап зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты әрекеттерден көрінді.
Біз C5+1 сияқты ынтымақтастық платформалары арқылы климаттың өзгеруі бойынша аймақтық ынтымақтастықты ынталандыратын және осы амбицияларды одан әрі жақсартуға мүмкіндіктердің бар-жоғын қарастыратын климаттық мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанмен жұмыс жасауға әрқашан дайынбыз. Біз сондай-ақ тәжірибе алмасу, оқыту бағдарламалары және басқа да келісімдер арқылы жүргізілетін жобалар арқылы қазақстандықтардың дағдыларын арттыруға жәрдемдесеміз.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



