Жетісу облысында тұрғын үйлердің құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды

2021 жылы тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасында жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге екі көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшарттар жасалған, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Алайда қол қойылған орындалған жұмыстар актілеріне қарамастан, бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары іс жүзінде атқарылмаған.
Жоспарланған тоғыз қабаттың тек жетеуі ғана тұрғызылған, жылыту, сумен жабдықтау, электр жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеген, сонымен қатар сыртқы әрлеу жұмыстары жоқ.
Осылайша, құрылыс аяқталмай, нысанды пайдаланысқа беру мерзімдері бұзылған. Мемлекетке келтірілген шығын 152 млн теңгеден асқан.
«Сот санкциясымен құрылысшы компанияның мүлкіне тыйым салынды.
Іс бойынша күдікті ретінде мердігер ұйымның директоры және құрылысқа техникалық қадағалау жасаған компания қызметкерлері танылды», - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасуда.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.