Жарнамаға алданған ауыл тұрғыны қомақты қаржысынан айырылып қалды
Ақмола облысының тұрғыны алаяқтарға алданып, жалпы сомасы 9 миллионға жуық ақшасынан айырылып қалған, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
37 жастағы ауыл тұрғыны криптовалюта алып, қайта сатудан ақша табуға уәде берген қаржы компаниясын YouTube-тан көріп қалған. Ер адам бірнеше сілтемені басқаннан кейін, оған бірден алаяқтар хабарласқан.
Олар қаражат салып инвестициялау арқылы компаниядан дивидендтер алуға болатынын айтады. Бастапқыда ауыл тұрғыны көлік сатып алуға алған несиенің екі миллион теңгесін аударған. Содан кейін бір ай бойы алаяқтар жәбірленушіге үнемі қоңырау шалып, оның шотына пайыздар есептеліп жатқанын, бірақ оны да көбейтуге болатынын айтып сендіреді.
Оларға сенген ауыл тұрғыны тағы да төрт несие алып, туған-туыстарынан қарызға ақша алып, жеке жинаған ақшасын түгел салады. Қылмыскерлердің әрекетінен келген шығын 8,7 миллион теңге болған.
4 қазанда ауыл тұрғыны полицияға арыз жазған. Бұл дәйек бойынша соталды тергеу амалдары басталып, жедел іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.