Заңсыз лотерея өткізген: сотта Жанабыловтың өкілі әкімшілік істі тоқтатуды сұрады

Бүгін Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында лотерея операторы емес тұлға арқылы лотерейлік қызметпен айналысу фактісі бойынша Ерболат Жанабыловқа қатысты істі қарау басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылғы 21 тамызда ҚР Туризм және спорт министрлігінің құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитетіне (әрі қарай – Комитет) азамат С.-ның өтініші мен Қаржылық мониторинг агенттігінің заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша хаттамасы келіп түскен. Аталған лотерея Instagram әлеуметтік желісіндегі «zhanabylov_e» аккаунты арқылы өткізілген.
«Іс материалдарына сәйкес, Жанабылов аталған парақшада жүйелі түрде ақшалай қаражатты, 10 автокөлікті және өзге де бағалы сыйлықтарды ойнатқан. Ойынға қатысу шарттарының бірі - Жанабыловтың жұбайы басқаратын «Zhana Business» ЖШС-нің «оқыту курстарына» 30 000 теңге төлеу болған. Жеңімпаздар «сәттілік барабаны» құрылғысы арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен анықталған. Бұл өз кезегінде лотерея қызметінің белгілерін көрсетеді»,- делінген қалалық соттың хабарламасында.
Істі қарау барысында Комитет Жанабыловты оқыту курстарын сату түріндегі лотереяны заңсыз ұйымдастырып, өткізгені үшін ҚР лотерея туралы заңнамасын бұзды деп тануды және оны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрап, сотқа өтініш білдірді. Жанабыловтың өкілі жеке қаулы шығаруды және әкімшілік істі тоқтатуды сұрады.
Келесі сот отырысы 2025 жылғы 15 қыркүйекке тағайындалды.



