Самара маңындағы жол апатынан екі қазақстандық қаза тапты
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ресейдегі жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен азаматтарды эвакуациялауды ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
5 қаңтарға қараған түні Қазақстан ТЖМ Командалық орталығына Ресей ТЖМ-нен «Самара-Большая Черниговка» федералды автожолының 101 шақырымында болған жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат түсті. Апат салдарынан Қазақстанның жеті азаматы зардап шекті. Зардап шеккендерді Ресейге тасымалдау үшін Батыс Қазақстан Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен психологтарын, сондай-ақ жергілікті денсаулық сақтау басқармасының жедел жәрдем қызметкерлерін қамтитын жиынтық колонна жіберілді.
Оқиға орнына барғаннан кейін зардап шеккендердің Большая Глушица ауылының, Новокуйбышевск және Самара қалаларының медициналық мекемелеріне жатқызылғаны анықталды. Бұл мекемелерде Қазақстан ТЖМ психологтары зардап шеккендерге шұғыл психологиялық көмек көрсетті. Қайтар жолда зардап шеккендердің барлығы отандық мамандардың тұрақты бақылауында болды.
Бүгін таңертең зардап шеккендермен бірге жиынтық колонна Қазақстанға аман-есен келді, онда пациенттер Орал қаласындағы қалалық және облыстық көпсалалы ауруханаларға тапсырылды. Барлығы жеті науқас, оның ішінде екі бала жеткізілді. Өкінішке қарай, апат салдарынан екі адам қаза тапты, олардың мәйіттері де Қазақстанға жеткізілді. Бұл операцияға Төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан 23 адам мен 8 техника жұмылдырылды, — делінген министрлік хабарламасында.
Автоколоннаны Орал қаласынан шекара өткеліне дейін және қарсы бағытта алып жүру үшін облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, азаматтарға жолда сақтық пен мұқият болу маңыздылығын еске салады. Көлік жүргізу кезінде абай болыңыз, қауіпсіздікті сақтаңыз және қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз, — деп ескертті ведомство.