00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Пышақтап, көміп кеткен: Алматыда іс-түссіз жоғалған ломбард қызметкерінің мәйіті табылды

12 қараша, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Пышақтап, көміп кеткен: Алматыда іс-түссіз жоғалған ломбард қызметкерінің мәйіті табылды
фото: Almaty.tv

Алматы облысы Полиция департаменті күдікті осыдан бір апта бұрын із-түссіз жоғалып кеткен ломбард қызметкрінің өліміне қатысы бар деп танылған күдікті 4 азаматтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Elordainfo.kz «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

«Артынан бір ай аңдыған». Алматы облысы Алмалыбақ ауылынан денесі көмілген күйде табылған 51 жастағы ер адамның туыстары осылай дейді. Марқұмның жақындары оның қарақшылардың құрбаны болғанын айтып, қаскөйлер құрығын біраз уақыт жоспарлағанын алға тартып отыр.

Бір жеті бұрын ломбардта бағалаушы болып жан бағып жүрген 51 жастағы Барлыхан Байтанов жұмысынан шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Жақындарының айтуынша, жолда оған бірнеше апта бұрын құнды затын өткізген азамат кездесіп, жеткізіп тастауға ұсыныс білдірген. Марқұм көлікке отырмай жатып әлдекімдер оны соққыға жығып, күштеп алып кеткен көрінеді.

Оның денесі ауыл шетіндегі егістік алқабынан табылған.

«Жақсы кісі еді. Қоқыс жинайтын кісі келсе, ломбардың есігі ашық тұр екен. «Ертеңіне келсем ана кісі жоқ деп жатыр» деді, табылып қалар деп, үміттендік», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Венера Қалмұратова.

Із-түссіз жоғалған ер кісі тек бір жетіден соң, егіс алқабында табылды. Қара пиғылын іске асыру үшін қарақшылар көзге көрінбейтін, қалың құрайдың арасын таңдаған көрінеді. Оқиға орнына келіп, көріп отырмыз, адам денесі сиятындай, 1 метрден аса тереңдіктегі шұңқырды қазу үшін бір емес бірнеше адамның күші қажет. Ел бір апта іздестірген адамның денесі елдімекендегі басты жолдан 200-300 метр қашықтықта табылды. Бұл жерде әлі күнге дейін медициналық және матадан жасалған қолғаптар мен ішімдік шашылып жатыр.

Қайғыдан қан жұтқан отбасы іске қатысты тың дерек айтты. Әпкесінің айтуынша, жауыздар алдымен оны тұншықтырып, кісендеп, көлікке отырғызып, кейіннен пышақ сұғып, денесін жапан далаға көміп кеткен. Ер кісінің қолында сол күні қомақты қаржы болған көрінеді.

«Ұялы телефонындағы қосымшада 1,5 миллион теңге, ал қалтасында 500 мың теңге болған. Олардың бәрін алған. Өзеннің жанына барып, телефонын лақтырып жіберген. Жерді 1,5м метрдей қазған, сол жерге көміп кеткен. Тірідей көмді ме, өлтірді ме, сол жерге көміп кеткен. Сол жерден тағы 3 адамның мәйіті табылды», – деді марқұмның әпкесі Ақсұлу Шынарова.

Жауыздықпен жаны қиылған ер кісі Шамалған ауылындағы ломбардта жұмыс істеген. Жергілікті халық «мекемедегі бірінші ұрлық емес» дейді. Көршілес дүкендер де бұған дейін қарақшылардың құрбаны болған.

«Біз бейнекамера қойдық. Бұрын да ұрлық болды. Негізі жақсы ағай болатын, араласып тұратынбыз», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Ұлбосын Бейсенова.

Полиция департаменті күдікті 4 азаматтың уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеттерінің басталғанын мәлімдеді.

«Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды», – деді Полиция департаменті КПБ бастығының міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.

Марқұмның туыстары жауыздық алдын ала жоспарланып, асқан қатыгездікпен жасалғанын айтты. Олар қастандыққа барған адамдарға барынша қатаң жаза берілуін талап етіп отыр.