Перизат Қайратқа қатысты сот отырысы қалай өтетіні белгілі болды


Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Істі қараған қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Сабыржан Кәрімов қорғау тарапының өтінішін ішінара қанағаттандырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот отырысы ішінара жабық форматта өтеді дегенмен, сот отырыстарының кейбір кезеңдерінде, атап айтқанда, айыпталушыларды тергеу барысында және банк құпиясы мен өзге де құпия деректері бар материалдар жария етілмейді.
Сот процесінің бірінші отырысы 14 шілдеде сағат 10:00-де басталады.
Айта кетейік, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева 3 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп айыпталған. Тергеу деректері бойынша, бұл қаражат халық пен ұйымдардан балаларға, мүгедектігі бар жандарға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан көмекке мұқтаж болғандарға қайырымдылық ретінде жиналған.
Бұған дейін Бас прокуратура қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолдаған болатын.
Сондай-ақ сот процесінің тікелей эфирде өтуі де мүмкін екені хабарланған еді.



