Оралда кәсіпкерді пышақтап өлтірген 2 жігітке сот үкімі шықты
Былтыр тамыз айында оралдық кәсіпкер Еркін Мұқанғалиевті асқан қатігездікпен өлтірген екі жігітке сот үкімі шықты. 32 жастағы Руслан Қожантаев пен 22 жастағы Тұрлан Амангелдіні алқабилер соты кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлады Elorda.info 24.kz-ке сілтеме жасап.
Олар жазасын қауіпсіздігі жоғары колонияда өтейді. Әрқайсысынан марқұмның отбасына 15 млн теңге өндірілмек. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар апелляция беруге құқылы. Амангелді Тұрланның туыстары үкіммен келіспейтінін жеткізді. Олар кәсіпкерді өлтірген Руслан Қожантаев болғандықтан, екеуіне бірдей жаза берілуін әділдік деп санамайды. Еске салсақ, күдіктілер үстел басында отырған кәсіпкерді бас салып, пышақтап тастаған. Терезеден сыртқа қашпақ болғанда, қуып жетіп, аяусыз тепкілейді. Жәбірленуші сол жерде көз жұмды.
Қылмыстық Кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5 және 7 тармақтарымен айып тағылған болатын. Яғни жәбірленуші Мұқанғалиевты қасақана қазаға ұшыратып, алдын-ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып асқан қатігездікпен. Бүгін кеңесу бөлмесінде алқа билер Қожантаев пен Амангелдінің кінәлері өз дәлелін тапты деген қорытындыға келіп, алқабилердің кесімімен сот түпкілікті айыптау үкімін шығарды, - деді БҚО Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Асланбек Дүйсенғалиев.